ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУДЫҢ 10 БАҒЫТЫ АЙҚЫНДАЛДЫ

626

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси жүйеге өзгертулер енгізуге бағытталған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын ұсынды. Ауқымы кең мазмұны бөлек Жолдауда нақты міндеттер мен мақсаттар белгіленіп, Жаңа Қазақстанды құрудың негізгі 10 бағыты айқындалды.

Елімізде әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау үшін саяси жаңғыру маңызды. Президентіміз осыған дейін саяси реформалардың 4 топтамасын ұсынды және осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткіздік. Қоғамды демократияландыруға арналған бірқатар маңызды бастамалардың жүзеге асқанын айтып өткен жөн.
Жолдаудың маңызды жаңалығының бірі – жаңа облыстардың ашылуы болды. 2018 жыл – Қазақстан Республикасы картасындағы әкімшілік-аумақтың құрылымына елеулі өзгеріс енгізіліп, Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін иеленді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Түркістан қаласына ауысып, облыстың да атауы Түркістан облысы болып өзгерді. Мұндай аймақтық бөлісудің еліміздің дамуында айрықша рөл атқарғаны белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысының Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру туралы шешімі экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім екені анық. Бұл – кең байтақ жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғыртуға негізгі қадам болмақ. Және облыстардағы инфрақұрылымды дамытуда, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруде тың серпін берері сөзсіз.

Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту мүмкін емес екенін баса назарға алды. Өз сөзінде: «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе», – деді.
Жаңа Қазақстанды құруда партиямызға зор жауапкершілік жүктеліп тұр. Сол себепті Мемлекет басшысының «Азаматтардың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деген тұжырымдамасын алға тартып, бұрынғыдан да қарқынды жұмыс атқаратын боламыз.

 

Жанар БЕКТАЕВА,
AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының
атқарушы хатшысы