Қазір Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден әлем кубогы өтуде. Жарысқа әлемнің 65 елінен 800-ден астам спортшы қатысып жатыр, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстан құрамасынан қатысып жатқан жарыста шымкенттік мергендер
3 медаль жеңіп алды.
Атап айтқанда, Елизавета Король/ Елизавета Безрукова «50m rifle 3positions» жаттығуында оқ атудан әйелдер құрамасы күміс медаль алды.
Сабақтас «trap/mix» жаттығуында стенд атудан Мария Дмитриенко/ Виктор хасянов қола медальға ие болды, екі спортшы да Шымкент қаласының өкілдері болып табылады.
Әйелдер арасындағы «skeet» командалық жаттығуының ақтық сынында Қазақстан құрамасы қола медальға ие болды. Команданың құрамында шымкенттік мергендер: Зоя кравченко/ Рината Насырова.
Қазақстанның құрамасында 40 мықты спортшы ел намысын қорғауда.
Бакудегі Әлем кубогы спортшылар үшін өте маңызды, себебі ол рейтингтік, рейтингті арттыру арқылы спортшылар Олимпиада ойындарына қатысуға квота алады.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылы ISSF Олимпиадасында Қазақстанның намысын 3 мерген қорғап, олимпиадалық лицензия алған болатын. Оның ішінде шымкенттік спортшылар Зоя Кравченко мен Юрий Юрков да бар. Сонымен қоса, өткен жылы Бангладеште өткен халықаралық онлайн турнирде де шымкенттік спортшылар жүлделі орындарға ие болған еді. Аталған додада еліміздің спортшылары 2 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдеге ие болды. Команда сапында Шымкент қаласының спортшылары 1 алтын, 1 күміс жүлдеге қол жеткізді. Елизавета Безрукова пневматикалық винтовкамен 10 метрге ату жаттығуы бойынша жеңімпаз атанды. 2021 жылдың басынан бері шымкенттік спортшылар Қазақстан Республикасының чемпионаттары, кубогтары мен біріншіліктерге қатысып 315 алтын, 239 күміс, 284 қола медаль жеңіп алған болатын.