СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДА ДІН ӨКІЛДЕРІ БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТУДА

403

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұжымымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған мақсатты жиын өтті, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ardak.kz

Іс-шарада Департаменттің бас маманы Ж.Әлжанова сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді тетіктерді қалыптастыру бойынша қабылданған шаралардан хабардар етті. Қоғам індетімен күрес шаралары әрбір мекеме басшысының қызметінде басым бағыт болу қажеттігін негізге алып, адал қызмет етуге, ұжымда тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отыруға шақырды.

Кездесуде жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде кезең-кезеңмен қабылданған бірқатар маңызды заңнамалық шаралар, соның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістер, комплаенс-қызметі мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің маңыздылығы талқыланды.

Департамент өкілі 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына тоқталып, оның негізгі бағыттарынан хабардар етті.

Сонымен қатар, жиынға қатысқан А.Сманов мешітінің бас имамы Б.Шотабеков жемқорлықты заң да, дін де қолдамайтындығына тоқталып, жемқорлықты індет ретінде көрсетуде діннің рөлі ерекше екендігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды жастайынан тәрбиелеу қажеттігіне кеңінен тоқталып, оның ішінде отбасының рөліне баса назар аударды.

Кездесу соңында сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша түйткілді сауалдар ортаға салынып,  ұсыныс-пікірлер тыңдалды.

ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң бойынша, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған қазақстандықтар мемлекеттің қорғауында болады. Мұндай адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып саналады.

Біржолғы көтермелеуден бас тартылған жағдайда, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адам грамотамен марапатталуы мүмкін.

Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністері бойынша 1424 колл-орталығына хабарласуға шақырады, қоңырау шалу тегін.