Отырарда Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақ пен ескерткіш ашылды.

2871
Түркістан облысы Отырар ауданында ел  Тәуелсіздігі күніне орай «Менің Қазақстаным» әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқов құрметіне «Шәмші» саябағы ашылды.
Қара топырағында табанынының ізі қалған, өз есімімен аталатын ауылда ел игілігіне берілген саябақ төрінде аса көрнекті сазгер, ән жанрының әйгілі майталманы, Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың еңселі ескерткіші де бой көтерді.
Салтанатты шараға аудан басшысы Ерлан Айтаханов, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Саябақтың ашылу салтанатында аудан әкімі Ерлан Айтаханов ауыл тұрғындарын Тәуелсіздіктің 27 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, композитор саябағы мен ескерткішінің лентасын қиды
.
— «Бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізген  Тәуелсіздік күнімен және «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне арналған саябақтың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде егемен еліміз күн санап көркейіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елдермен иық тіресе, рухани жаңғыру жолына түсіп келеді. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласының “Туған жер” бағдарламасында Отанымызды көркейтіп, қазақстандықтардың жағдайын жақсарту үшін көптеген жұмыстарды атқару керек екенін атап көрсеткен болатын. Осы бағытта ауданымызда бірнеше ауқымды жұмыстар жұмыстар атқарылып келеді. Мұның бәрі Тәуелсіз мемлекетіміздің бейбіт күндерде қол жеткізген жетістіктері деп білемін. Сондай-ақ, Елбасының жуырда ғана жарыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» бөлімінде де ұлы тұлғалар шоғырын кеңінен насихаттап, ескерткіштер мен тұлғалар галереясын жасау сынды бірқатар  маңызды бастама көтергені белгілі.
Бар қазақты әсем әнімен әлдилеп, өнер көкжиегін сырлы әндерімен көмкерген сазгер атындағы саябақ ауыл  тұрғындары мен оның қонақтары үшін тамаша демалыс орны болмақ. Еліміздің ең басты байлығы, ең асыл қазынасы- халқы. Сол  халықтың салауатты, әрі рухани күш-қуатқа бай болып өмір сүруі үшін осы секілді саябақтар қызмет ете береді деген сенімдемін»,-деді Ерлан Айтаханов.
Аумағы атшаптырым демалыс орны ою-өрнекті қоршаумен бекітіліп, қылқан жапырақты 100 түп ағаш және жергілікті климатқа бейімделген 600 түп қара ағаш отырғызылған. Әдемі аяқ жолдардың бойына 14 орындық қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалған. Жауын мен ыстық күннен қорған болатын 4 ратон да саябақтың әрін кіргізіп тұр. Көктем айларында саябақ іші композитор әнінің ноталары бейнелене отырып, гүлдермен көмкерілмек.
Шара барысында мемлекеттік гимн авторы құрметіне бой көтерген игілікті іске ауыл қариялары жүрек жарды лебіздерін айтып, ақ баталарын берді. Одан әрі салтанатты шарада ұлы сазгердің балалық шағынан көріністер қойылып, қазақ даласын әнмен тербеткен сазгердің әндері шырқалды.
Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі