BI Group басшысы LRT бағандарын бұзудан бас тартты – Көлгінов

1594
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов құрылыс магнаты, BI Group басшысы Айдын Рахымбаев жұмыстың құнын білген соң LRT бағандарын өз қаржысы есебінен бұзудан бас тартқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанның сол жағалауында орнатылған бағандар берік әрі сапалы бетоннан жасалған.
«Әрқайсының салмағы шамамен 200-220 тонна, арасына арматура салынған, бетонның маркасы өте жоғары. Құрылыс жұмыстары кезінде сапасын мамандар тексереді. Техникалық, авторлық қадағалау жасайды. Ол жерде көптеген бақылау бар», — деді Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Еске сала кетейік, қаңтар айының ортасында BI Group басшысы LRT-ні өз қаражаты есебінен демонтаж жасауды ұсынған болатын.
«BI қаржысы есебінен демонтаж жасауға дайынбыз», — деп жазды Рахымбаев әлеуметтік желіде.
Бірақ, Көлгіновтың айтуынша, Рахымбаев оның қаншаға түсетінін білген соң бұл идеядан бас тартқан.
«Демонтаж жасауды ұсынған адамдар цифрды көргеннен кейін бас тартты, оған 20 миллиардтеңгеге жуық қаржы керек», — деп толықтырды әкім.
Айта кетері, LRT құрылысын аяқтау үшін 577 миллион ​​доллар керек. Елорда әкімшілігі LRT құрылысын аяқтау қажет деп есептейді.
Қазірдің өзінде 500-ден астам LRT бағаны бой көтерген. Оларды бұзу үшін 20 миллиард теңгеге жуық қаржы қажет. Ал LRT құрылысына қомақты қаржы жұмсалып қойғандықтан (келісімшарттың құны 1,8 миллиард доллар), бағандарды бұзу орынсыз.