Бала басты тәрбиені ең алдымен отбасынан алады. Жақсы тілек пен ниеттің орындалуына мүмкіндік жасайтын – ата – ана. Елдің болашағы өнегелі жас ұрпақтың қолында.
Ата — ана — бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Сондықтан әке де, шеше де балаларының жан дүниесіне үңіліп, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді жете білгені жөн.
Ата – аналар өзінің алдына мақсат қойып, оның жүзеге асуына мән беретін болса, ұрпағының тәрбиелі, өнегелі, білімді болып өсуіне жол ашады.
Шымкент қаласы “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің мамандары психолог мамандармен кеңесе отырып, бала тәрбиесіне қатысты ата-аналарға арналған бірнеше кеңесті ұсынады.
- Балаларыңызды жетістігі пен дәрежесі үшін емес, сол қалпында сөзсіз қабылдап жақсы көретіндігіңізді сездіріңіз.
- Қателескені үшін баланы ұрысып, бетінен алмаңыз, басқа балалармен оны салыстырмаңыз.
- Баланың сұрақтарына жауап берген кезде шын әрі сабырлылықпен жауап беріңіз.
- Күнде балаңызбен жеке сөйлесуге уақыт табыңыз.
- Жас мөлшері әртүрлі адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіңіз.
- Баланың әрбір жетістігі үшін мақтап отырыңыз.
- Балаға баға бермеңіз, оның іс-әрекетін бағалаңыз.
- Табысқа күшпен жетуге болмайды, сондықтан балаңызға күш көрсетіп, тапсырманы мәжбүрлі түрде талап етпеңіз.
- Баланың қателік жіберуге құқығы бар екенін айтыңыз.
- Үлкендер балаға қалай қараса, бала да өзіне солай қарайды.