Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесіне орай бірқатар журналистерді марапаттады.
— Күні кеше қазақ журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Журналистикада өзіндік орны бар, Қазақстанның Құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Оңтүстік өңіріндегі ең алғаш телеарнаны қалыптастырушы Байдулла Қонысбек ағамыз 81 жасында өмірден өтті, — деген қала әкімі 1 минуттық үнсіздік жариялап, жиын қаламгерді еске алумен басталды.
Жиын барысында халықтың жоғын жоқтап, мұқтажын түгендеп жүретін журналистер қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, түрлі номинация жеңімпаздарын марапаттады.
— Құрметті журналистер, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастырушы ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастырушы сала. Сіздер ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қасиетті қалам сертін ұстанып келесіздер. Шымкенттік журналистер әркез билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы, жақсы жаңалықтардың жаршысы деп білемін. Ақпарат құралдары – бұл үлкен күш. Қаламның ұшын, сөздің күшін дұрыс пайдаланса, ұлтты ұйыстырып, жасампаздыққа жол бастап, ал бұрыс пайдаланса, қоғамдық-саяси ахуалды қиындатып жібере алады.
Шымкент қаласында 170-тен аса БАҚ билік пен қоғам арасында алтын көпірге айналып отыр. Шымкентте атқарылған жұмыстар жетерлік, әлі алда атқарар қыруар тірлік бар. Ал, осы жұмыстарды халыққа жан-жақты жеткізуде Сіздердің орындарыңыз ерекше. Бұл – ортақ жұмыс. Қаланың жетістігі – әрбіріміздің жетістігіміз. Жақсылықтың жаршысы болып, ұлтқа қызмет етудің ғажап үлгісін көрсете беріңіздер! Қаламдарыңызға қуат берсін! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Мереке қарсаңында ұжымдық жұмыс бойынша «Шымкент келбеті» — «Панорама Шымкента» газеттері «Үздік мерзімді басылым», «Оңтүстік» телеарнасының «Көзқарас» ток-шоуы «Үздік телебағдарлама», «Отырар» телеарнасының «Халық пен билік» бағдарламасы «Үздік репортаж», «Ақылдым» балалар журналы «Дарынды болашақ», «Дидарбек» ақпараттық порталы «Блогсфера үздігі», «Смарт-топ.kz» ақпараттық порталының «QazNet үздігі», «Әділет. Рухани жаңғыру» газеті «Үздік медиа-профи» номинациясын иеленді. Ал, «Айғақ» телеарнасының редакторы Ұ.Наушабаева «Үздік редактор», «Нар-тв» телеарнасының тілшісі Н.Пайзов «Үздік тележүргізуші», «Рейтинг» газетінің тілшісі А.Есімбай «Ұшқыр қалам», Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Мамыров «Үздік баспасөз хатшысы», Шымкент қаласы әкімі баспасаөз қызметінің фотографы Б.Сейтжаппар «Объектив», Қ.Момынхан «YouTube канал» номинациясымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң, қаламгерлер БАҚ-тың түйткілді мәселелерін қаузады, өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы А.Балажан ел идеологиясын нығайта түсу үшін тек журналистерді мереке қарсаңында ғана елеп ескермей, олардың қоғамдағы статусын бекітіп, әлеуметтік жағдайын көтеру туралы ұсынысын жеткізді. Бұл пікірді Қазақстан Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, «Оңтүстік» телеарнасының директоры У.Қыдыр да қостап, осы мақсатта атқарылып жатқан жұмысты атап өтті. Мерекелік жиында қаламгерлер саладағы түйткілді мәселелерді қозғап, қала әкімімен ашық сұхбат құрды.