ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ БІРҚАТАР ҚАЛАЛАРЫНДА РЕФЕРЕНДУМ КҮНІ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ТЕГІН БОЛАДЫ

10

15 наурыз күні өтетін республикалық референдумға байланысты Түркістан облысының бірқатар қалаларында қоғамдық көліктер тегін қатынайды. Атап айтқанда, бұл шара Түркістан, Кентау, Шардара, Сарыағаш және Арыс қалаларында ұйымдастырылады.
Бастама тұрғындардың маңызды саяси науқанға қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр. Референдум күні қала тұрғындары мен қонақтары қоғамдық көліктерді ақысыз пайдалана алады.
Тегін жол жүру барлық автобус бағыттарын қамтиды. Бұл өз кезегінде тұрғындардың дауыс беру учаскелеріне кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, референдум күні өңірдегі дауыс беру учаскелері таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.