Президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын 8 наурыз — Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында Ақордада қыз-келіншектермен кездеседі. Мемлекет басшысы 2010 жылы дәстүрлі кездесуді «Көктем шуағы» деп атауды ұсынды.
Бұл күні Ақорданың іші гүлге толады. Мемлекет басшысы әйелдермен бірге ән шырқап, би билейді. Өнегелі әңгімелер айтады. Тіпті, әзілдесуді де ұмытпайды. Вaribar.kz “Көктем шуағы” дәстүрлі кездесуінде Президенттің әйелдер туралы әр жылы айтқан әзілдері мен тәмсілдерін жинастырды.
2013 жыл
“Әйелдер әрдайым үмітіңді ақтайды”
Әйел адамды лауазымды қызметке тағайындағанда алаңдамауға болады: әрдайым жауапты болады, үмітіңді ақтайды, пара алмайды. Оның ер адамға қарағанда жақсы екені бірден білінеді. Міне, сол үшін де әйелдерді ол жұмысқа жібермеуге тырысады, себебі олардың жақсы екені бірден байқалады.
2014 жыл
“Әйелі жақсы көрген еркек барлық азаптан құтылады”
Ең әдемі әйел – сүйікті әйел. Егер еркекті оның әйелі жақсы көрсе, ол барлық азаптан құтылады. Бұл оны құтқарады. Міне, өзара сүйіспеншілік, сондай сезім болуы керек.
2015 жыл
“Әйелді еркек емес, еркекті әйел таңдайды”
Шын мәнінде, еркекті сіздер таңдайсыздар, олар сіздерді емес. Олар өздерінше солай ойлайды. Сондықтан бәрі жақсы болуы үшін дұрыс таңдау жасаңыздар… Біз, ерлер, сіздерсіз қайда барамыз?! Төңіректеріңізде жүреміз. Бірақ бізді де тұсаулап ұстау керек: айналып-айналып, қазығын табатындай. Сонда отбасы берік болады.
2016 жыл
“Ерлер әйелдің аузын жабу үшін сүйісуді ойлап тапқан”
Әйелдер тәулігіне 20 мың сөз айтады дейді. Ер адамдар әйелдің аузын жабу үшін сүйісуді ойлап тапқан деседі.
Осы кездесуде Президент Ақордаға жиналған әйелдердің көзіне еріксіз жас алғызды.
Жас бала бір бойжеткенге ғашық болыпты. Қыз әдемі, бірақ талапшыл екен. Сол кезде ол жігіттің сүйетінін дәлелдеуін талап етіп, анасының жүрегін алып кел дейді. Сонда ғана сенемін депті. Ол таңғалыпты. Сөйтіп үйінде мұңды болып отырса, одан анасы не болғанын сұрапты. Баласының күйзеліп отырғанын көрген анасы далада серуендеп келуге ұсыныс жасайды. Анасы “осындай қызға қалай ғашық болып қалдың екен?” деп сұрайды. Баласы үн қатпайды. Сол кезде анасы жүрегін алып, баласына беріпті. Баласы анасының соғып тұрған жүрегін алақанына алып, қызға қарай бет алыпты. Кенет сүрініп, құлапты. Сол кезде анасының жүрегі “Тізеңді жаралап алмадың ба? Ауырмады ма?” деп сұрапты да, сол бетте соқпай қалыпты. Сонда ғана ол түсініп, жүректі алып, анасына қайта апарып береді. Анасы тіріліп кетеді. Сонда баласы кімді жоғалтып ала жаздағанын түсініпті. Ол өзін қатты жақсы көретін жүректі жоғалтып алар еді.
2017 жыл
“Әйел ақылды да, әдемі де болмаса, “қалай арықтағансың” де”
Әйелге қалай ұнау керек? Ол әдемі болса, “сен ақылдысың” де. Ал егер онша көрікті болмаса, әдемісің де. Егер ақылды да, әдемі де болмаса, “Қалай арықтағансың” де. Дұрыс па? Міне, ерлерді әлі күнге дейін үйретіп келемін, олар сөйлесу білмейді.
2018 жыл
“Әйелдерді сөйлетпеудің ешқандай тәсілі жоқ”
Қазақта “Еркектің қайламенен бұза алмағанын әйел айламенен бұзады” деген нақыл сөз бар. Сондықтан Тәуелсіз мемлекетімізге сіздердің көмектеріңіз қажет. “Әйелдерді сөйлетудің амалы көп, бірақ сөйлетпеудің ешқандай тәсілі жоқ” дейді қазақ. Біздің қоғамда сіздер әрдайым еркін пікір айтып, ел ісіне етене араласуға тиіссіздер.
2019 жыл
“Ерлердің барлық пайымдауы әйелдің бір сезіміне де тұрмайды”
Егер сізге 8 наурызда армандаған сыйлығыңызды бермесе, демек, келесі жолы естіртіп армандаңыз. Ер адамдар пікірлеріңіз бен ақылдарыңызға қарсы келе алмайды, өйткені ерлердің барлық пайымдауы әйелдің бір сезіміне де тұрмайды… Жылына әйелдер айнаның алдында 120 сағат немесе 5 күн өткізеді екен. Ғалымдар орташастатистикалық әйелдер өмірінің 17 жылында диетада болатынын, өмірінде 2-3 келі далап жейтінін анықтады, олар біз үшін, ерлер үшін және өздерінің сұлулығы үшін тырысып бағады.