Бүгін Шымкент қаласы қоғамдық кеңесі «Жастар арасындағы деструктивті діни ағымдар мен нашақорлықтың алдын-алу» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Евгений Яворскийдің айтуынша, өзі жүргізген зерттеулерге сәйкес, жасөспірімдер үшін синтетикалық есірткі еркін саудада, қолжетімді және арзан. Оған тапсырыс беру әріп танып, Telegram-ның тілін білгенге еш қиындық тудырмайды. Тіпті, Qiwi-әмиян, криптовалюта онлайн төлемдері арқылы тауарды «байланыссыз», бір-бірімен кездеспей саудалау жолға қойылған, — дейді қоғам белсендісі.
Бұл деректерді құзырлы орган өкілдері де растап отыр. Күрес күшейіп, қылмыс әшкереленгеннен пайда жоқ. Қоғам дертінің жолын түбімен кесу керек,-деп есептейді Полиция Департаменті бастығының орынбасары. Ал, оның ең қысқа жолы – есірткі тауарлары сатылатын интернет сайттарын толықтай бұғаттау.
Синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында да айтқан болатын. Өскелең ұрпақтың ертеңіне төндірер қатерлі қауіппен барша халық бірлесіп күрессе, іс нәтижелі болмақ, — дейді шараға жиналғандар.