Е. Айтаханов қосылған елдімекендердің инфрақұрылым проблемасы қалай шешілетінін айтты

1400
Бүгін Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов Мемлекет басшысының шеткі аймақтарды дамыту туралы берген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Базарқақпа», «Қарабастау» тұрғын алабы мен «Көксай-2» және «Көксай-3» шағынаудандарын аралады.
Жұмыс сапары кезінде қала басшысына Түркістан облысының Сайрам және Төлеби аудандарынан Еңбекші ауданына қосылған 16 елдімекеннің инфрақұрылым мәселесі бойынша аудан әкімі Ғ. Ильясов баяндады.
Мұнан кейін Е.Айтаханов ауыл билерімен және жергілікті тұрғындармен кездесіп, қордаланған мәселелердің түйінін тарқатты. Атап айтқанда, аудандағы істен шыққан кәріз жүйесі, «Сайрам су» өзенінен өтетін ескі көпірге күрделі жөндеу жүргізу, «Бадам» өзенінің үстімен өтетін жаңа көпірдің құрылысы, жеке тұрғын үйлердің құжаттарын заңдастыру мен әлеуметтік нысандардың қажеттілігі сынды проблемалар көтерілді. Сонымен қатар, тұрғындарды сапалы электр қуаты мен ауыз су және газ мәселесі де мазалайды екен.
Шымкент әкімі болса бұл мәселелердің рет-ретімен шешілетінін айтты.
«Бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елдімекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауыз су, жарық, көгілдір отын мен қатынас үшін көше жолдары жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының съезінде Үкіметке ауылдық жерлерге тұрғын үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналдық мәселелерді рет-ретімен шешетін боламыз», — деді Е. Айтаханов.
Қала басшысы аудан әкімі мен сала басшыларына елдімекендердің инфрақұрылым дамыту бойынша іс-шара жоспарын әзірлеуді тапсырды.

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ САЙТЫ