ШЫМКЕНТ – ШАХМАТ АСТАНАСЫНА АЙНАЛМАҚ

1389

Жастар саясатын дұрыс жүргізу ұлт болашағының берік болуына негіз қалайды. Сондықтан да, үшінші мегаполисте жастар мен жасөспірімдердің барлық мәселелеріне ерекше назар аударылады. Оларға білім беру, жұмысқа орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету ғана емес, жас ұрпақтың спорт түрлерімен айналысып салауатты өмір сүріп, шынығып денсаулығы мықты болуына да бірінші кезекте көңіл бөлініп келеді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қала әкімі М.Әйтеновтің бастамасымен Шымкентте шахматтан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Чемпионатты Шымкент қаласының әкімдігі мен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастыруда.

«Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін қалыптастыру аясында қолға алынған спорттық сайыс алдағы шілде айының 20-30 жұлдызы аралығында өтеді деп жоспарланып отыр.

Іс шараның мақсаты – халықаралық шахмат аренасында Қазақстанның оң имиджін қалыптасыра отырып, Шымкентті зияткерлік шаһарға айналдыру. Сондай-ақ, шахматтан жаңа есімдерді анықтау.

«Шымкент – Қазақстанның шахмат астанасы» брендін қалыптастыру бастамасын қолдап,  ерекше қуанышпен қабылдағандардың бірі – қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік  болды. 21 жастағы Жансая әйелдер мен ерлер арасында халықаралық гроссмейстер атағын алған Орталық Азияның алғашқы өкілі.

Қазіргі таңда әлемнің үздік шахматшылары көшін бастап тұрған жерлесіміздің жеңісті жолы мен қолдауы – жас шахматшыларға шабыт сыйлары сөзсіз. Мегаполисте ұйымдастырылатын ірі шахмат жарыстары спорттың бұл түрінің жас шымкенттіктер арасында кеңінен тарап, болашақта олардың арасынан жерлесіміз Жансаядай талай әлемге әйгілі шахматшылар өсіп шығуына септік етері анық.