Садриддин Ахмедов Алматыда WBC титулы үшін айқасады

1107
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (7-0, 7КО) сегізінші жекпе-жегін Алматыда өткізетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат боксшының Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап.
«Ассалаумағалейкум барша қазақ бокс жанкүйерлері! Сіздермен өзімнің жақсы жаңалығымды бөліскім келіп отыр. Алла қаласа 24 наурызда қазақ елінде, яғни Алматы төрінде өзімнің 8-ші жекпе-жегімді өткіземін. Барлығыңызды нағыз қазақ боксын көруге шақырамын және сіздермен нағыз үлкен шоуды бөліскім келеді. Қазірге бар жаңылықтарымыз осы, дайындық жақсы деңгейде өтіп жатыр. Келіп колдау көрсетіп, барлық қазақ боксшыларына жанкүйер болғандарыңызды қалаймыз. Жекпе-жек «Алматы Аренада» өтеді, бұл кездесуде ересектер арасындағы WBC Asia белбеуі сарапқа салынатын болады», — деп жазды боксшы.
ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасында жазылғандай, Ахмедовтің қарсыласы әзірге белгісіз.
Еске сала кетейік, 26 қаңтарда Канаданың Монреаль қаласында өткен алдыңғы жекпе-жегінде Садриддин мексикалық Абрахам Хуаресті (13-2, 5КО) төртінші раундта нокаутқа жіберіп, бірінші орта салмақта жастар арасындағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған болатын.
Боксшының айтулы жекпе-жегін Алматыда өткізуі тегін емес. Садриддин басқа да танымал дарын иелерімен бірге отандық туризмге үлес қосуға бел буып отыр. Бұған дейін оның Қазақстан туризмінің елшісі атанғанын хабарлаған едік.