Шымкентте қала аумағы бойынша 60-тан аса тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, деп хабарлайды ardak.kz. Шымкентте техникалық тексеру нәтижелері бойынша тозығы жеткен 107 тұрғын үй анықталған. Аталған тұрғын үйлерді реновация бағдарламасына енгізу қарастырылуда. Қазіргі таңда реновациялық бағдарламаны инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асыру жайы қолға алынуда. Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасын қаржыландыру жергілікті бюджет және инвестициялар арқылы, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктері арқылы жүзеге асыру көзделіп отыр.
Шымкент қаласында жыл соңына дейін 173,3 мың шаршы метр құрайтын жалпы саны 2084 пәтердің құрылысы жүргізілу жоспарланған. Шымкент қаласы республика бойынша тұрғын үй құрылысы өте қарқынды жүріп жатқан аймақтардың қатарына кіреді. 2020 жылы 649,1 шаршы метрге баспана салынған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге дейін жетті. Айта кетейік, 2021 жылы кезекте тіркелген 456 көпбалалы отбасы және 745 халықтың әлеуметтік әлсіз тобы тұрғын үймен қамтылған. Ал, биыл кредиттік тұрғын үй бағыттары бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «5-20-25» және «7-20-25» жеңілдетілген несиелік бағыттары арқылы 2096 азаматты тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Сонымен қатар, «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша Шымкент қаласына 260 отбасыны баспанамен қамтамасыз етуге лимит бөлінуі күтілуде. Жалпы биыл 1605 үй сатып алу құқығынсыз жалға беріледі деп жоспарлануда. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға — 54, көпбалалы отбасыларға — 476, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына — 218, жұмыс істейтін жастарға – 857 пәтер беріледі. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы өкілдерінің айтуынша, 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша халықтың әлеуметтік әлсіз тобы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мақсатында «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 329 отбасы, несие негізінде тұрғын жаймен қамтылған.