«ҚАЛАМГЕР» БІРЛЕСТІГІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨРСЕТТІ

1146
Шымкент қалалық ақын-жазушылардың «Қаламгер» қоғамдық әдеби бірлестігінің
құрылғанына көп уақыт болмаса да, облыс һәм қала көлемінде бірталай игі істерді іске асырып
келеді. Мысалы, былтырғы жылы облыс пен қала көлеміндегі ақын-жазушылар арасында сыйлық
көлемі әжептеуір қаржыны құраған екі рет шығармашылық конкурс өткізді. Жаңа жылдың
алдында бір топ ақын-жазушылардың шығармаларынан тұратын жинақ құрастырып, баспаға
дайындады. Биылғы 8 наурыз мерекесінде – ақын, жазушы, журналист, ғалым, кітапханашы,
архивші, сондай-ақ оқу орындарында басшылық қызметтегі қырықтан аса қыз-келіншектердің
басын қосып, үлкен құттықтау жиынын өткізді. Жиналғандар қыз-келіншектердің әрқайсысына
мерекелік сыйлықтар таратты. Осынау ігілікті жұмыстардың барлығы бірлестік төрағасы, белгілі
жазушы Момбек Әбдәкімұлының өнер адамдарын қолдап-қолпаштайтын демеушілерді тауып,
олармен ортақ тіл табысуының арқасында іске асқан еді.
Аталмыш бірлестік бүгінде елімізді жайлаған короновирус індетіне байланысты орын алған
қиын уақытта да ізгілікті іс бастап, қаладағы бірталай мұқтаж жандарға қайырымдылық көмек
көрсетуді қолға алды. Бұл жолы «Қаламгер» бірлестігінің мүшесі, ақын, біраз жылдан бері
қаладағы жетім балалар, мүгедектер және қарттар үйлеріне, сондай-ақ күн көрістері нашар
мұқтаж жандарға тұрақты түрде көмектесіп келе жатқан Әтемова Клара Лаханқызы үйлерінде
мүгедек жандары бар және асыраушысы жоқ, сонымен бірге жағдайлары төмен он отбасына
бірер аптаға жетерлік азық-түлік таратты. Көмек алушылар осындай қиын сәтте аз да болса,
өздеріне көмек қолын созған бірлестік төрағасы Момбек Әбдәкімұлы мен Клара Лаханқызына
шын ниеттерімен алғыстарын жеткізді.
(Өз тілшімізден).