ШЫМКЕНТ: НҰРШУАҚҚА САПАЛЫ ЖАРЫҚ ЖЕТКІЗІЛУДЕ

1007

Еліміздегі үшінші мегаполистің бүгінде 73 елді мекені сапалы жарық жүйесіне қосылған. Ал, қалған 8 шағын аудан халқы жекенің жарығын пайдалануда. Олар, Достық, Нұртас, Сәуле шағын ауданының 276 орамы, Тұран, Нұршуақ. Аталған шағын аудандарда бүгінгі таңда құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұйыртса, биылдан қалмай сапалы қуат көзіне қосылады деп күтілуде, деп хабарлайды «Оңтүстік» телеарнасына сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Зарипа Толымбекованың Нұршуақ шағын ауданында тұрып жатқанына 6 жылға жуықтапты. Осы аралықта жекенің жарығын жағып келеміз, деген көп балалы ана, ай сайынғы төлемнен бөлік жинайтын ақшамыз тағы бар, дейді. Ол аз десеңіз, тасымал кезінде кеткен шығынды  да тұрғындардың өздері төлейтін көрінеді.

Мемлекеттік қуат көзіне қосылуды асыға күтіп жүрген ағайынның арманы,  алдағы күзде орындалып қалуы әбден мүмкін. Осы орайда, шалғайдағы шағынауданға сапалы жарық жеткізіп жатқан мердігер мекеме өкілі құрылыстың 80 пайызға жуығын аяқтағандарын жеткізді. Ал, қалған 20 пайыздық жұмыс республикалық бюджет бөлетін қаржыға қарап отыр екен.

Нұршуақ бойынша жобада 6 мыңға жуық абономент көрсетілген. Олар біртіндеп сапалы жарыққа жалғануда. Бүгінде 120-ға жуық үйді мемлекеттік қуат көзіне қостық деген,  мердігер мекеме өкілі, шалғайдағы шағынауданның бос жатқан жерлері түгелімен ескерілгенін айтады. Ал, бірен-сараң жобаға енбей қалған абономентке өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз, дейді. Қала шетіндегі шағын ауданға сондай-ақ, көгілдір отынның құбыры да тартылуда. Қазіргі таңда жұмыстың тең жарымына жуығы аяқталыпты. Алайда, құрылыстың аяқталу мерзімі келесі жылды көрсетіп отыр.

Жыл соңына дейін қаладағы газ құбыры тартылып жатқан 8 елдімекендегі жұмыстар аяқталады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, 20 мыңға жуық адам көгілдір отынға қосылып, мегаполистің газбен қамтылу деңгейі 94,7 пайызға жетсе, жарық мәселесі 99 пайызға шешімін таппақ. Нәтижесінде, 17 мыңнан астам адам сапалы электр қуатына қол жеткізетін болады.