ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ХАЛЫҚТЫҢ 96,5 % ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫМЕН ҚАМТЫЛҒАН

841
Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы БАҚ өкілдеріне Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша 7 айда атқарған жұмыстары туралы брифинг берді.
– Қазіргі таңда аудан аумағындағы 19 шағынаудан мен 16 тұрғын алаптың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтқанда:
— Электр жарығымен 96,5%;
— Ауыз сумен 94,5%;
— Табиғи газбен 90,7%;
— Кәріз жүйесімен 57% ға қамтылған.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасымен нақтыланып, бекітілген,- деді аудан басшысы.
Сонымен қатар күз, көктем мезгілдерінде жауын-шашын салдарынан болатын су басудың алдын алу мақсатында, 2021 жылы 14 мекенжайда 3,3 шақырым ирригациялық арықтар орнатылса, ағымдағы жылы бірінші кезекте 7,3 шақырымды құрайтын 21 мекен-жайға ирригациялық арықтар орнату жоспарланып, бюджеттен қаржы бөлінді. Қалған 31 мекенжайға арық орнату 2023-2025 жылдар аралығында жүргізіледі.
Еңбекші ауданы бойынша 630 көпқабатты тұрғын үйлер 435 аулаға біріктірілген. 2021 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жоба аясындағы аулаларды абаттандыру өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 1,8 есеге артқан.
Нақтылап айтқанда, 2022 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасының І-кезеңінде 37 жоба бойынша 52 көпқабатты үйдің, 6 жеке секторлардағы балалар ойын алаңшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. ІІ-кезең бойынша 12 жобаны іске асырып, 21 көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру жоспарда бар. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, 2023 жылы 21 жобаны іске асыру үшін сметалық құжаттар әзірленді. Одан бөлек 135 жоба бойынша жер телімдерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, ауданда биыл 4 спорт алаңша орнату және 5 спорт алаңшаны қайта құру жұмыстары жоспарлануда.
Айта кету керек Еңбекші ауданы – қаланың өндірістік ауданы болып саналады. Ауданда «Оңтүстік» және «Ордабасы» индустриалды аймақтары мен «СЭЗ Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы орналасқан. Сонымен қатар аудан аумағындағы 20 359 шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері тіркелген.