ВОЛОНТЕРЛІК ҚОЗҒАЛЫС ЖАСТАРҒА КӨП МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

991
Шымкент қаласында бүгінде 10-нан аса волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Атап айтқанда, ASАA жастар қоғамдық бірлестігі, «Ізгілікте жарысайық», «Харекет» қайырымдылық қоры, Меyirim.kz қайырымдылық электронды порталы, «Жігер» салауатты өмір салтын қолдау қоғамдық қоры, «Жасыл ел» еңбек жасақтары және тағы басқа волонтерлік ұйымдар қоғам өміріне белсене араласуда. Барлық ұйымда дарынды жастар шоғыры қалыптасқан.
ASАA жастар қоғамдық бірлестігінің волонтері Мадина Өндірбай 2 жылдан бері волонтерлік қозғалыстың белсенді мүшесі. Биыл мектепті тәмамдаған талапты жас жастар ұйымынан көп нәрсе үйренгенін айтады.
Жалпы волентерлік ұйымдар жастартардың қоғамдық жұмыстарға деген қызығыушылығын арттыруға, жеке және заңды тұлғаларға көмек көрсету, азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау және сақтау, дене шынықтыруды және спортты дамыту, сондай-ақ қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етуге үлес қосады.
– Волонтер болуға бұрыннан қызығатынмын. ASАA жастар қоғамдық бірлестігіне 2019 жылы келдім. Онда өзіме сенімді болу, адамдармен тез тіл табысу, дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрендім. Көптеген жақсы қасиеттерді бойға сіңірдім. Волонтерлік қозғалыс жастарға көптеген мүмкіндік береді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беру, білім, жастармен жұмыс бағытында жобаларға қатысып, көп жағдайға қанықтым. Таяуда екі шет тілі мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атандым. Жоғары оқу орнында да волонтерлік қызметімді жалғастыра беремін, – дейді өзі.
Жастар қоғамдық бірлестігі жалпы 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Мадина Өндірбай жаңадан жасақталған волонтерлік топтың мүшесі әрі жетекшісі қызметін атқаруда. Топ полиглот, өнерпаз, спортшы жастардан құралған. Бәрінің де арман-мақсаттары бір – ол кәсіби дағдыларын жетілдіріп, сауатты маман болу.