Шымкент қаласында кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен, деп хабарлайды ardak.kz.
Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Қалған аймақтарды қамту жұмысы кезең-кезіңмен атқарылуда. Басқарма мәліметіне сүйенсек, өткен жылы қалада «Тұран» сорғы станциясы және Самал-1 мен Наурыз шағын аудандарының ішкі жүйелерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде кәрізбен қамту көрсеткіші 52,3%-дан 54%-ға өскен.
Қазіргі таңда Арғынбеков көшесімен Тұран ішкі магистралды коллектордың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық су сорғы станциясы қайта құрудан өтеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Самал-3, Ұлағат, Мирас, Солтүстік-шығыс, Шапағат-2 шағын аудандары мен Хлопзавод көшесіндегі 48 мыңнан астам адам кәріз жүйесіне қосылады. Жыл соңына дейін қамтылу көрсеткіші 60%-ға өседі. Биыл барлығы 16 нысанда құрылыс жүргізілуде. Атап айтқанда 2 магистралды кәріз коллекторы, 1 кәріз сорғы станциясы және 13 елді мекенде ішкі орамдық кәріз құбырлары тартылуда. Жыл соңына дейін Арғынбеков, Тұран магистралды кәріз коллекторларының және Достық кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал, Еңбекші ауданында 34 467 абонент (52 пайыз) кәрізбен қамтылған. Қамтылмағаны – 28 502 (43 пайыз), жекеменшікте – 3 314 абонент (5 пайыз).
Қазіргі таңда Еңбекші ауданында Ұлағат (2248 абонент), Мирас, Шапағат-2 (1690 абонент), Солтүстік-шығыс (480 абонент), Жұлдыз тұрғын алабында (260 абонент) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған құрылыс жұмыстары 2021-2022 жылдарға жоспарланған. Еңбекші ауданында жыл соңына дейін кәрізбен қамтылу көрсеткіші 59 %-ға өседі. Сонымен қоса, Асар-2 шағын ауданы тұрғындарын кәріз жүйесімен қамту құрылысы жалғасып жатыр. Мердігер мекеме «Монолит дизайн» тарапынан жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының бүгінде 40 пайыздан астамы аяқталды. Кәріз жүйесінің құрылысы толығымен 2023 жылы аяқталатын болады. Айта кетейік, қаланың 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр.