Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Елбасының тарифтерді төмендету бойынша берген тапсырмасын орындамай отырған әкімдерге ескерту жасады.
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тарифтерді (электр, көмір, жылу, су, газбен жабдықтау, кәріз, телефон байланысы, интернет, лифттерге қызмет көрсету, қоқыс шығару және т.б.) төмендету шаралары бойынша баяндама жасады.
Алайда премьер-министрдің баяндамаға көңілі толған жоқ.
«2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап, (Коммуналдық тарифтердің – автор) есебі жаңа тарифтер бойынша жүргізіледі. Ал сіздің кестеңізде кейбір өңірлерде енгізілетін өзгерістер жоқ. Газбен қамтамасыз ету бойынша Қызылорда, Атырау облыстарында өзгеріс байқалмайды. Ол туралы сіздің кестеңізде түсіндірме де берілмеген. ПИК, автобус, тролейбус, трамвай және қоқыс шығару, лифттерге қызмету көрсету тарифтері бойынша кейбір өңірлерде шешім шығарылмаған. Не себепті?», — деді Сағынтаев.
Ұлттық экономика министрі бұл кемшіліктерді алдағы уақытта жоюға сөз берді.
Сондай-ақ Үкімет басшысы президенттің тапсырмаларын орындамай отырған әкімдерге ескерту жасады.
«Мәселе адамдардың Елбасы тапсырмаларынан не күтетіндігінде. Тарифтерді төмендету бойынша әкімдіктер тиісті шешім қабылдамаса, олар Елбасының тапсырмасын орындамады деген сөз. Әкімдер жеке жауап береді. Біз тиісті анықтаманы береміз. Неге басқа өңірлер мәселенің шешу жолын тапты, ал кейбіреулер әртүрлі сылтау айтып отыр. Мұны қалай түсінуге болады. Орысша айтқанда «Пошли на поводу у монополистов». 1-қаңтарға дейін уақыт бар. Шешімдері шығарыңыздар», — деді үкімет басшысы.
Осы орайда ол 29-желтоқсанда тағы бір Үкімет отырысы өтетінін атап өтіп, сол отырыста аталған мәселе қайта қаралатынын жеткізді.
«Отырыста бүгін көрсетілген кестелерде кімдерде шешім жоқ, сол әкімдер баяндама жасайды. Тимур Мұратұлы (Ұлттық экономика министрі – автор), бұл сізге де қатысты», — деп түйіндеді сөзін Бақытжан Сағынтаев.