Білім және ғылым министрлігі сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының санын қысқарту бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Барлық тексеру қатаң түрде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылуда. Талаптар бойынша жоғары оқу орындары анықталған бұзушылықтарды берілген уақыт ішінде жоюға тиіс. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі.
Мәселен, өткен жылы Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің білім беру қызметіне тексеру жүргізіп, нәтижесінде өрескел бұзушылықтар анықтады.
Атап айтқанда, жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар оқу орнындағы өзге де маңызды көрсеткіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейді.
2020 жылғы шілде айындағы тексеріс нәтижелері бойынша аталған университет лицензиясының күші тоқтатылып, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілген. Алайда, қайта тексеріс жүргізу кезінде Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Комитеттің нұсқамаларын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болды.
– Болашақ дәрігерлерге сапалы білім беру – адамдардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Осы орайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің Комитеті те қарады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды, – деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында 2015 жылы құрылған. Бүгінгі таңда аталған оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды.
Министрлік лицензиясы тартып алынған оқу орнында оқитын студенттердің гранттары сақталатынын және олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылатынын хабарлады. Сондай-ақ оқу құны өзгермейтінін, оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатқанын жеткізді.«Қамшы» сілтейді