Түркістанда туризмді дамытуға үлес қосқан үздіктер марапатталды

1805
Бүгін Түркістан облысында туризм саласының үздіктерін марапаттау рәсімі өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков аталған саланың өңірде жылдан жылға қарқынды түрде дамып келе жатқанын айтып, Түркістандағы туризмді дамытуға қызмет етіп жүрген 18 жеңімпаз азаматты он аталым бойынша марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Атап айтқанда, «Туристік дестинацияны дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымын Түлкібас ауданының әкімдігі алса, «Туризм саласының дамуына қосқан үлесі үшін» номинациясы Кеңесбай Исмаилов пен Елена Керхер, Ғани Назарбеков пен Роза Шүкеновалар иеленді. Ал «Тарихи-мәдени туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатын «Әзірет Сұлтан», «Отырар», «Ордабасы» қорық-мұражайларының ұжымы еншілесе, «Экологиялық туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымын «Ақсу-Жабағылы» мен «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық және «Сырдария-Түркістан» өңірлік парктері

Сондай-ақ, мерекелік басқосуда «Үздік туристік ұйым» — «Жаңа талап груп» ЖШС-не, «Үздік қонақ үй» — «Ханака», «Үздік санаторлы-курорттық мекеме» — «Арай де Люкс» шипажайына, «Үздік демалыс аймағы» — «Алматау» демалыс аймағына, «Үздік мейрамхана» аталымы «Sky» мейрамханасына және «Үздік гид-экскурсовод» атағы Исмаил Омаралиевке табысталды.
Айта кетейік, биыл тұңғыш рет өткізіліп отырған шараны ендігі кезекте жыл сайын дәстүрлі мерекеге айналдыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар, өз кезегінде өңірде туризмді дамытуға септігін тигізіп, қызмет көрсету сапасын жақсартпақ. Сапалы туристік өнім қалыптастыруға оң әсер етіп, облыстың туристік индустриясының бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп күтілуде.
Айнұр Ақбаева