Еңбекші ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасына енгізілетін ұсыныстар саны артып келеді. 2021 жылы жоба шеңберінде 41 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылып, ойын алаңшалары құрылса, биыл 73 ауланы жаңғырту және жеке сектордағы 6 орынға балалар алаңын құру жоспарланыпты.
Жалпы ауданда 651 көпқабатты үй 435 аулаға біріктірілген. 2011-2020 жылдар аралығында аулаларды абаттандыру жұмысы кезегімен атқарылып келген еді. 2021 жылдан бастап «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілгеннен кейін, тұрғындардың ұсынысы аудан әкімдігінен қолдау тауып, аулаларды реттеу құрылысы қарқын алған.
Биылдың өзінде абаттандыру жұмысы 2 кезең аясында жүзеге асырылып жатыр. Алғашқы кезеңде 52 көпқабатты үй ауласы абаттандырылып, елді мекендердегі 6 жерге балалар ойын алаңшасы салынған. Қазір ІІ-кезеңдегі 21 көпқабатты үйдің ауласы жаңартылып жатыр.
Ал, 2023 жылы 20 көпқабатты үйдің ауласын қайта жаңғырту және балалар ойын алаңшасын орнатуға сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінімгеп ұсынылған. Одан бөлек, 138 жобаға жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша тұрғындар өз ұсынысын жеткізу арқылы, жергілікті бюджеттің қалыптасуына атсаласып отыр.
Бұқаралық спортты дамыту бағытында да тындырымды тірлік бар. Биыл аудан аумағына 4 спорт алаңының құрылысы мен қолданыстағы 5 спорт алаңшасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Аудан әкімдігінің дерегінше, осы алаңдар қараша айының соңына дейін толық пайдалануға беріледі.