«Сахнаны сыйласын» Белгілі ғалым Қабатовтың сөйлеу мәнерін сынға алды

1196
Профессор Шерубай Құрманбайұлы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында  терминдерді қазақ тіліне сапалы аудару мәселесін қозғай отырып, рейтинг қуған бағдарламалардың қоғамға қауіпті екенін айтты. Ғалым сондай-ақ кейбір тележурналистер мен танымал әзілкештердің сөйлеу мәнерін сынға алды.
Термин жасау шығармашылықты талап етеді
Профессордың айтуынша, ғалымдар термин жасау үшін көп ізденіп, оны өзара талқыға салады.
«Бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Термин-эпонимдерді, таңба терминдер мен цифрмен жазылған, кейбір қысқартылған терминдерді аударуға болмайды. Жалпы термин жасау – шығармашылық процесс. Оны мамандар сараптамадан өткізеді, асылын жасығынан ажыратады. Аударылған терминдердің бірін жұртшылық қабылдап, екіншісін қабылдамауы мүмкін. Бұл – табиғи құбылыс», – дейді маман.
Сонымен қатар Шерубай Құрманбайұлы тәуелсіздік жылдары заңгер (юрист), қаржыгер( финансист), демеуші (спонсор), отбасы (семья), жекешелендіру (приватизация), құзыреттілік (компетенция), құжат (документ), келісімшарт (контракт), мәтін (текст), ғарышкер (космонавт), жеделхат (телеграмма), зейнетақы (пенсия), салым (вклад), салымшы (вкладчик), әнұран (гимн), елтаңба (герб), хаттама (протокол), әуежай (аэропорт), ұшақ (самолет) сияқты сәтті аударылған, жаңадан туындаған сөздерді жасаудан және тағы басқа көптеген жаңа сөздерді қолданысқа енгізуден ұлт тілі ұтпаса, ұтылмағанын жеткізді.
Мамандар күш біріктіре алмай отыр
Профессор бүкіл салалық терминдерді аудару, іріктеу, өзге тілдерден ұлт тіліне икемдеп қабылдау өте ауқымды жұмыс екенін, асығыстықты, атүсті қарауды көтермейтінін атап өтті. Оның пікірінше, жұмысты сапалы әрі жүйелі жүргізу үшін түрлі сала мамандары шоғырланған арнайы орталық құру керек.
«Терминологиялық жұмыстардың сапалы, жүйелі, үйлесімді жүргізілмеуінің себебі – олардың жұмысын қамтамасыз ететін білікті мамандардың басы бір орталыққа шоғырланбай отыр. Соның салдарынан кемшіліктерге жол берілуде. Мысалы, аударылған терминдер қайта-қайта бекітіледі. Салдарынан адамдар шатасады. Терминді аудару уақыт пен тәжірибені талап етеді. Оған білікті мамандар қажет. Бүгінде бір маман жоғары оқу орнында сабақ берсе, енді  біреуі ғылыми зерттеу институтында жұмыс істейді. Ал үшіншісі мемлекеттік қызметте, енді бірі мүлдем басқа салада жүр. Бар мамандар шашырап, күштерін біріктіріп, ортақ іске жұмыла алмай келеді. Мұндай ауқымды жұмысты жүргізу үшін олар үнемі өзара байланыста болып, шаруаны бірлесіп атқаруы тиіс. Сондықтан арнайы орталық құру керек», – дейді Шерубай Құрманбайұлы.
Терминкомның құзыретін неге күшейту қажет?
Сондай-ақ ғалым бұл саладағы мәселені шешу үшін терминологиялық комиссияның құзыреті мен мәртебесін көтеру керек деген пікірде.
«Үкімет жанында терминологиялық комиссия бар. Ол тоқсанына бір рет жиналып, әртүрлі саладан ұсынылған терминдерді қарайды. Бүгінгі таңда бекітілген терминдердің барлығы осы терминологиялық комиссиядан өтеді. Бұл комиссия – кеңесші орган. Тек кеңес берумен, ұсынумен шектеледі. Оның өзі бекіткен терминдерді міндеттеуге, бірізді қолданылуын талап етуге құқығы жоқ. Сол себепті бекітілген терминдердің басым бөлігі қолданысқа енбей қалады. Жұрт бекітілген терминдерді әркелкі қолдана береді. Бірі – мұражай, екіншісі –музей, үшіншісі – сынып, төртіншісі – класс дейді. Мұндай ретсіздікке жол бермес үшін терминкомның шешімі орындалатын, онымен жұрт санасатын, шешімдері орындалатын болуы керек. Сондықтан терминологиялық комиссия мәртебесін күшейтіп, оның қарауына ұсынылатын терминдерді мұқият сүзгіден өткізе алатын кәсіби мамандар тобы қажет», – дейді профессор.
Латын әліпбиін жетілдіру керек
Шерубай Құрманбайұлы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасымен әлі де жұмыс жүргізіп, жетілдіре түсу қажет деп санайды. Латын әліпбиінің соңғы нұсқасында Ь, Ъ, Э, Ю, Я, Щ, Ё, Ц әріптері мүлдем жоқ. Тіл мамандары «бұл қазақ тілінің төл дыбыстық жүйесін сақтап, иммунитетін қалыптастырады» дейді. Бұл пікірге ғалым толығымен қосылады.
«Қазақ тілінің өзіне тән дыбыстық жүйесі мен төл әріптері бар. Кеңес одағының құрамында болдық, кеңестік тіл саясатына бағындық. Сондықтан тілімізге орыс тілінен енген таңбалар мен сөздер дәл орыс тіліндегідей өзгеріссіз қабылданды. Тіл маманы ретінде мен де қазақ тілінің заңдылығын бұза отырып алынған дыбыстардың әліпбиімізден алынып тасталуын қолдаймын. Сондықтан жоғарыда айтылған әріптестеріміздің пікірі дұрыс деп ойлаймын. Ал латын әліпбиінің де емле ережесін жетілдіретін тұстары бар. Оны біз айтып жүрміз. Мысалы, «і» мен «и» бас әріптерінің ноқатсыз  бірдей берілуі, «Һ», «х» дыбыстарының бір ғана «H» таңбасымен берілуі, диграфтардың қалдырылуы қиындық тузығады. Мұны реттеу керек», – дейді ғалым.
Тележурналистер қазақ тілінің заңдылығын бұзып сөйлейді
Әңгіме барысында профессор телеарналарда жұмыс істейтін кейбір журналистердің қазақ тілінің заңдылығын бұзып сөйлейтінін атап өтті. Ғалым  бұл мәселе жайлы республикалық басылымдарда бірнеше көлемді мақала жазған. Журналистерге арнап шеберлік сыныптарын, семинарлар да өткізген. Оның пікірінше, аталған мәселе осы күнге дейін өзекті.
«Көптеген тележурналист қазақ тіліндегі сөйлемді орыс тілінің құрылысы бойынша айтады. Етістікті сөйлемнің басына шығарып жібереді. «Мен ойлаймын» деп сөйлейді. «Мен бұл жөнінде бұлай ойлаймын» демейді. Қазақ тілінің сөйлеу заңдылықтары мен сөйлем құрылымын сақтамайды. Фразеологизмдерді дұрыс қолданбайды. Сөйлеу барысында ілгерінді, кейінді ықпалды дұрыс айтпайды. Кейбір дикторлар «сонымен қатар» деген тіркестегі «қ»-ны анық айтқысы келеді. «Сонымең ғатар» деп айтылуы бойынша жатық сөйлейтіндер көп емес. Мұны журналистер қаперіне алып жатса, жақсы болар еді», – дейді Шерубай Құрманбайұлы.
Нұрлан Қоянбаев пен Тұрсынбек Қабатов жайлы
Ғалым мақалаларының бірінде еліміздің танымал әзілкештері Тұрсынбек Қабатов пен Нұрлан Қоянбаевтың да сөйлеу мәнерін сынға алған еді. Осы мәселеге қатысты пікір білдірді.
«Нұрлан Қоянбаев пен Тұрсынбек Қабатовты сырттай танығанмен, олармен бетпе-бет кездесіп, сөйлескен емеспін. Олармен алты аласы бес бересім жоқ. Тіл маманы ретінде мақаламда тек олардың сөйлеу мәнеріндегі кемшіліктерді айттым. Алайда бүгінгі «жұлдыздар» мамандар сөзіне аса құлақ аса бермейтін сияқты. Қазір Нұрлан Қоянбаев телеарнадан кетті-ау деймін. Ал Тұрсынбек Қабатов әлі де жұмыс істеп жүр. Қазір теледидарды өте сирек көремін. Оған уақыт жоқ. Қабатовтың хабарларын сүйсініп қарайтындардың қатарынан емеспін. Анда-санда бір көзің шалып қалғанда әзілкештің тілі жақсарып кеткенін байқамайсың. «Жатырған» сияқты жергілікті сөздерді немесе жаргондар мен орыс сөздерін араластырып сөйлеп жатады. Ол ғана емес, ел алдында шыққан соң,  кім де болса, әдеби тіл нормаларын сақтап, көпшілікті, сахнаны сыйлауы тиіс қой.  Телеарналар бұл істе жұртқа үлгі болуы керек еді, әзірге олай болмай тұр», – дейді Шерубай Құрманбайұлы.
Рейтинг қуған бағдарламалар жарға жығады
Әңгіме барысында ғалымнан бұрын ашық айтылмай келген төсек қатынасы, зорлау, қыздың пәктігін сату сияқты тақырыптардың қазақ тілді бағдарламаларда еркін талқылана бастауына көзқарасы қандай екенін сұрадық. Ол мұндай арзанқол, анайы дүниелердің ұрпақ тәрбиесі мен саламатты қоғам қалыптастыруға қызмет етпейтінін атап өтті.
«Атың шықпаса, жер өрте» деп кез келген жолмен жұртты қаратып, ашық-шашық киім үлгісі мен ардың-гүрдің сөйлеу үлгісін, беттен алып, төске шауып тұрған, «еркін өскендік», «өжеттік», «қайсарлық» деген ұғымдарды «көкбеттікпен», күлдіріп отырып жылататын, ойлы, салмақты әзілді бос сөз, дөрекі, арзан қалжыңмен  шатастырып жүргендерді ел алдында сайратып қойғаннан  ешкім ұтпайды», — дейді профессор.
Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, рейтинг қуып, талғамы ортадан да төмен  көрермендерге бағытталған бағдарламаларды көбейту – болашақ ұрпақтың, жалпы жұртшылықтың, көрермендердің талғамын төмендетеді.
«Керісінше, телеарана көрерменді тұщымды, мағыналы, мазмұнды да сапалы бағдарламалармен, сараптамалық хабарлармен,  білім, ғылым, әдебиет, тарих, өнер туындыларының озық өнімдері мен ұлт құндылықтарын дәріптейтін бағдарламалармен тартса ғой дейміз. Телеарналар көремен талғамын өсіретін, тағлымы мол, құнды ақпараттар беретін бағдарламаларды көбейтсе, олар халық талғамының өсуіне және өресі биік көрерменнің көбеюіне жол салар еді деген пікірдеміз», – деді ол.
Осы орайда ғалым бүгінгі телерналардағы кейбір бағдарламаларға көңілі толмайтынын ашық айтты.
«Теледидар көруге уақытым аз. Ал енді көп бағдарламаны қарасақ, құнды ақпарат алып, қуанып қалудан гөрі жүйкеміз тозатын, көңіліміз қалатын сәттер жиірек болады. Алайда бағдарламаның барлығы сапасыз деуден аулақпыз. Аз да болса, сапалы бағдарламалар бар екенін де айту керек. Сондықтан телеарнадағы осындай жағымсыз, ұрыс-керіс, атыс-шабыс, адам өлтіру, зорлық-зомбылық, қорлау сияқты жағымсыз дүниелерді көрсету қоғамға пайдасыз, құнарсыз, мерзімі өтіп кеткен, улы, зиянды тамақ бергенмен бірдей. Менің ойымша, сапасыз, арзан, рейтинг қуған бағдарламалар бізге қажет емес», – деп түйіндеді Шерубай Құрманбайұлы.