Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда маймыл шешегі таралмауы үшін әуежайлар мен шекара бекеттерінде бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев маймыл шешегі сирек кездесетін жұқпалы ауру екенін атап өтті.
Инфекцияға тән белгілер – дене қызуының көтерілуі, интоксикация, денеде бөртпенің пайда болуы. 2022 жылғы мамырдан бастап әлемде ауруды жұқтырудың шамамен 99 мың дерегі тіркелді. 189 адам көз жұмды. Мұндай дерек Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикасы сияқты эндемикалық елдерде анықталды, – деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты, маймыл шешегін жұқтырудың дерегі тіркелмеген.
Тәуекелдерді бағалау көрші елдердегі эпидемиологиялық жағдайға мониторингті қоса алғанда, жүйелі түрде жүргізіледі.
Африка елдері мен инфекция тіркелген жерлерден келген басқа елдердің азаматтарына ерекше назар аударылады. Қолайсыз елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады. Ғалымдардың пікірінше, бұл аурудың жұқпалылығы жоғары емес. Қазақстан аумағында аурудың тіркелу қаупі төмен. Осыған қарамастан министрлік инфекцияның Қазақстанда тіркелуіне жол бермеу бойынша барлық қажетті алдын алу шараларын қабылдап жатыр, – деді Ержан Нұрлыбаев.
Ол мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілгенін атап өтті.
Қазір бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы және төтенше жағдайлар кезіндегі ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында,– деді вице-министр.
Премьер-министр Олжас Бектенов әуежайларда бақылауды күшейтуді тапсырды.
Қазір алаңдауға негіз жоқ. Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын. Әсіресе, бұл әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекетіне қатысты, – деді ол.