Кәсіпкерді пара беруге итермелеген: Кентаудың экс-әкіміне қатысты тергеу аяқталды

671
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Кентау қаласының экс-әкіміне қатысты тергеуді аяқтады.
Антикордың ақпаратынша, экс-әкім 2013 жылы премьер-министр кеңсесінде істеп жүргенде ірі жекеменшік компанияның меншік иесін жауапты лауазымды тұлғаларға аса ірі сомада пара беруге көндірген. Осы үшін құрылыс бойынша тендерде жеңісті қамтамасыз етуге уәде берген. Алайда ақшаның барлығын өзіне қалдырып, бір бөлігіне Астанадан жаңа үй, қымбат тұратын автокөлік және бірнеше жүк техникасын сатып алған.
«Оның әрекеттері аса ірі көлемде пара беруге арандату және алаяқтық ретінде сараланды. Ол тергеу сотының санкциясымен қамауда отыр», — деп мәлімдеді Антикор.
Қылмыстық іс материалдары қабылданған шешімнің заңдылығын тексеру және одан әрі сотқа жолдау үшін Астана қаласының прокуратурасына тапсырылды.
Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
Антикор Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбегенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептелетінін еске салды.