Қытайдың Бас кеден басқармасы Ресейдің Владивостогын ішкі сауда үшін транзиттік порт деп бекітті. Сөйтіп, енді Қытайдың бір провинциясынан екінші провинциясына тасымалданатын тауарлар Владивосток арқылы кедендік рәсімсіз өтеді.
Бұл ақпаратты Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Владивостоктағы өкілдігі де растады. Шешім 1 маусымда күшіне енеді.
Қытайдың Сзелин және Хейлунзян провинциялары осыған дейін өз тауарларын Қытайдың оңтүстігіне Ляонин провинциясындағы порт арқылы тасымалдап келген. Ол кезде арақашықтық 1 мың шақырымды құраған. Енді Суйфенхе және Хуншун арқылы Владивостогқа (200 шақырым) жөнелтіп, сол жақтан теңіз арқылы Қытайдың оңтүстігіне тауар жеткізетін болды.
Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы басталғалы-бері Қытай мен Ресей арасындағы байланыс арта түсті. Мысалы, Қытай Ресей алтынын сатып алуды 50 есеге көбейткен. Ал платина импортын 300 есеге арттырған.
Биыл мамыр айында БАҚ-та Қытай өз карталарында Ресейдің кейбір өңірлерінің атауын қытайшалағаны жазылған.
Онда: «Қытай өз карталарында Владивостогты – Хайшенвай, Хабаровскіні – Боли, Сахалинді – Куедао деп өзгерткен», — деп жазылған.
Анығында Қытайдың Табиғи ресурстар министрлігі өз картасында жаңа жер-су атауларын бекіткен. Онда «Қиыр Шығыстағы қалалар Қытайдікі» деп көрсетілген. Қытай билігі бұл қалаларды 19-шы ғасырдың аяғы мен 20-шы ғасырдың басында Ресей «оккупациялап алған» деп есептейтіні айтылған.
Қытайдың жаңа картасында Ресейдің 8 қаласы қытайша атауға ие болған. Олар: Уссуриискі – Шуанчензы, Благовещенскі – Хайланпао, Нерчинскі – Нибучу, Николаевск на Амуре – Мяозе, Становой хребет – Вайсин анлин деп өзгерген.
Mezgil.kz