Соңғы жылдары Тәуелсіздік күні қарсаңында орден, медальді жаппай тарату үрдіске айналды. Бір қарағанда, мемлекетке үлес қосқан азаматтың марапатталғаны құптарлық дүние секілді. Алайда жаппай марапаттау биліктің зиялы қауым өкілдерін алдап ұстаудағы амал-айласына ұқсап бара жатқандай көрінеді.
Соңғы жылдары жұрттың Солтүстік Кореяның «сылдырмағын» асынған әскерилерімен біздің шенділерді салыстыра бастауы бекерден-бекер емес сияқты. Биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында орден, медаль беру науқаны тағы басталады. Бұл қаншалықты дұрыс?
Nege.kz тілшісі аталған сұрақты белгілі саясаттанушы Санжар Боқаевқа қойды.
«Біріншіден орден, медаль берудің тарихы тым тереңде жатыр. Бірақ қазақтың тарихын алатын болсақ, ешқандай орден, медаль деген болған емес. Тек қана би, батыр, халық ағасы деген атақ берілетін. Бұл – халықтың шынайы сый-құрметі. Ал орден, медаль беру Патшалық Ресейден келген. Мұны кеңес заманында большевиктер жалғастырып, қалыптасқан саяси режимді қолдайтын адамдарға беріп отырды. Ал біз тәуелсіздік алғаннан кейін орден, медальдарды нақты мемлекет үшін, халық үшін жұмыс істеп жатқан адамдарға емес, билікті қолдайтын, қолпаштайтын адамдарға беретін болдық. Қазір байқасаңыздар, билікшіл журналист, блогерлерге дейін беріле бастады.
Мысал үшін біздің азаматтық қоғамда билікке қатысы жоқ, бірақ қоғамның дамуына айрықша үлес қосып жатқан адамдар өте көп. Нақтырақ айстам, биылдың өзінде саясаттанушы Досым Сатпаев қаншама керемет кітап шығарды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бюджеттен миллиардтап шығарылған дүние мен Досым Сатпаевтың еңбегі салыстыруға да келмейді. Ендеше неге Досым Сатпаев секілді азаматтарға орден, медаль бермеске?
Билік мұндай адамдарды марапаттамайды. Себебі олардың дамуға деген көзқарастары бөлек. Сондай-ақ олар саяси режимді бас-көз жоқ мақтай бермейді.
Менің ойымша, билікке сыни көзқараспен қарайтын адамдарға да марапат берілу керек. Сонда ғана елде әділеттілік болады», – дейді ол.
Саясаттанушының айтуынша, билік орден, медальдардың құнын түсіріп жіберген. Мысалы ретінде ол өзінің мемлекеттік қызметте жүрген кезде алған үш медальі бар екенін ескертті.
«Бірақ мен оны әлеуметтік желіде жариялап, көрсеткен емеспін. Өйткені ондай марапат алу үшін мемлекетке шынайы еңбек ету керек. Бірақ мен мемлекетке еңбегім сіңді деп есептемеймін. Қазір де медаль алатындай бітірген ісім жоқ. Өкінішке қарай, қазір билікті мақтап шықса болды, оған медаль мен қызмет беретін дәстүр қалыптасты. Бұл – қате қадам. Себебі мұндай ұстаным мемлекетіміздің дамуына кедергі келтіреді», – деді ол.
Санжар Омарұлының АҚШ-тың Колумбия университетінде білім алғанын ескеріп, мұхиттың ар жағында марапатқа қалай қарайтынын сұрадық. Сондай-ақ ол АҚШ-та Тәуелсіздік күнін қалай тойлайтынына назар аударды.
Солтүстік Корея әскерилері.
«АҚШ-та орден, медальдарды кім көрінгенге бере бермейді. Аталған елде мемлекеттік дәрежедегі марапатты ең жоғарғы деңгейде мемлекетке пайда әкелген үлкен тұлғаларға ғана береді. Сондықтан олар орден, медаль беруге ерекше назар аударады. Ал тәуелсіздік күнін АҚШ халқы керемет тойлайды. Ол күні мемлекеттік мейрам екенін бүкіл АҚШ халқы сезінеді. Сондай-ақ АҚШ-та Тәуелсіздік мемлекеттік мейрам ғана емес, сонымен қатар әр америкалық отбасының мейрамы болып кеткен. Үлкен алаңдарда әр түрлі жиындар ұйымдастырылады. Бірақ америкалықтар өз үйлерінде жалауларын іліп, балалары әке-шешелеріне барады немесе достарымен жиналуға тырсады. Біз жаңа жылды қарсы алғандай олар үшін Тәуелсіздік күні отбасылық мереке болып саналады.
Ал біздің Тәуелсіздік күнін алатын болсақ, 1 желтоқсаннан кейін билік Желтоқсан көтерілісі болып кете ме деп өз-өзінен шошып, студенттерді ірі қаладан қуа бастайды. Қарапайым халық емес, ең бірінші биліктің өзі нашар көңіл-күйді туғызады. Бір сөзбен айтқанда, биліктің өзі ең бірінші болып мейрамның сәнін кетіреді», – дейді саясаттанушы.
Санжан Боқаев тәуелсіздік күні қарсаңында зиялы қауым өкілдеріне орден, медальді алдарқату үшін беретінін айтады. Себебі қазақтың қанында марапат алса билікке сын айта алмай, басын шұлғып отыратын әдет бар.
Серік Жолдасбай, Нұр-Сұлтан.