Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ірі жемқорларды елден ақырын шығарып жіберіп, сосын жылдар бойы «іздеп жүрген» болады. Қазақстаннан талай елдерге қашып кеткен жемқорлар, шындығында, ешкімнен «қашып» та жүрген жоқ.
Мәселен, LRT ісі бойынша «ақша жымқырды» деп айыпталған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті әлі күнге дейін ұстай алмай жүргені бұл екеуінің тіпті Интерпол сайтындағы іздеудегі тұлғалар тізімінде жоқтығы үшін ақталмақ болған Марат Ахметжанов төрағалық ететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мынадай түсініктеме беріпті: «Астана қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және LRT, BRT/ITS жобаларын іске асыруға бөлінген ақша қаражатын жымқыру фактілері бойынша қылмыстық іс аясында Талғат Арданға және Қанат Сұлтанбековке «қызыл бюллетень» бойынша (қамауға алу және экстрадициялау мақсатында) халықаралық іздеу жарияланды. Жүргізілген іс-шаралар Талғат Арданның Түркияда орналасқанын анықтады. Сот оны қамауға алу үшін сырттай санкция берді. Осы мемлекеттің құқық қорғау органдары оның орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізуде.
Сонымен қатар Қанат Сұлтанбековтің АҚШ аумағында екені анықталды. Оны ұстау және экстрадициялау туралы өтініштер бірнеше рет жолданды. Алайда АҚШ заңы бойынша егер ол көші-қон режимін бұзбаса, қызыл бюллетеньнің болуы іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз болмайды. Сонымен қатар біздің азаматты экстрадициялау қылмыскерлерді ұстап беру туралы екіжақты келісімнің болмауымен қиындап отыр. Бұл мәселені уәкілетті орган пысықтайды. Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы – Интерполдың талаптары мен ережелеріне сәйкес, Интерполдың жария веб-сайтында қылмыскерді іздестіру және оларды жариялау туралы мәліметтер зор қоғамдық резонанс тудырған, сондай-ақ қоғамға жоғары қауіп төндіретін (кісі өлтіру, терроризм, экстремизм және т.б.) қылмыстар жасаған адамдарға қатысты жарияланады. Дәл осы талаптар іздестірілетін адамдарды тізімге қосуға негіз болады. Жария веб-сайтта мәліметтерді жариялау туралы түпкілікті шешімді Интерполдың бас хатшылығы (Лион, Франция) қабылдайды. Осылайша іздестіріліп жатқан адамдардың Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданның жария сайтта болмауы олардың Интерпол дерекқорында жоқтығын білдірмейді».
Әне, «біз ұстайын деп жүрміз, бірақ әзірге ұстай алмай жатырмыз» дейді. Айтпақшы, «Астана LRT» ЖШС-інің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан компаниядағы ақша жымқыру фактілері ашылмай тұрғанда, 2019 жылдың жазында-ақ елден қашып кеткен. Ал Қанат Сұлтанбековтің әйелі Шолпан Сұлтанбекова қазір өз инстаграмында АҚШ-та шалқып жүрген мәз-мейрам өмірінен суреттер салып қойып, қазақстандықтарды мазақ етеді.
https://zhasalash.kz/