Шымкентте аялдамалар асханаға айналып жатыр. Қалалық әкімдік «ақылды аялдама» деп жар салған қыста жылы, жазда салқын болуы тиіс нысандар жолаушыларға есігі жабық тұр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Суықтан бүрсеңдеген тұрғындар оны қиратып тастаймыз деп ашуланып жатыр.

«Бұл аялдама адам отыруға салынған жоқ па? Қыста мұнда адам отыру керек, дұрыс па? Ал неге бұны жауып тастайды? Дүкен ашып тастапты. Бұл дүкенге емес, жолаушыларға арнап салынған, дұрыс па? Аялдаманың жабық тұрғанына қарсымын. Бұзсақ қайтеді?», — дейді ашуға булыққан қала тұрғыны Күлпаш Құттыбаева.

Пластиктен салынған, ішінде интернетіне дейін бар «ақылды аялдама» жазда бірер күн ашық болып, қалған кезде үнемі жабық тұрады екен. Ал аялдаманы жекеге берген Шымкент шенеуніктері «ақылды аялдамаларға» бюджеттен көк тиын шығарғанымыз жоқ деп отыр. Құрылысына 7 миллион теңге жұмсаған жеке инвестор аялдаманың бір бұрышына кәсіп ашып, есесіне бүкіл аумақты таза ұстауға тиіс болған. Сондықтан атқамінерлер «егер халық жабық тұрғанына қарсы болса, қазіргі аялдаманы сүріп тастап, орнына сондай тағы біреуін саламыз» дейді.

«Аялдама бірнеше рет вандализмге ұшыраған. Мысалы, терезесі сындырылды және вай-фай құрылғылары ұрланды. Оның ішінде кондиционер бар, бейнекамера бар, лэд экран бар. Солардың бәрін сақтау үшін аялдама жабық тұрды. Қазір екі күнде инвестор тарапынан аялдама қалпына келтірілетін болады, тапсырма берілді. Егер ол тапсырма орындалмаған жағдайда аялдаманы алып тастаймыз», — дейді Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының бөлім басшысы Мақсат Туғанбай.