Экс-министрлер қайда жүр?

1269

Біздегі Үкімет құрамында кей дамыған елдердегідей жалғыздық не йога министрліктері сынды ерекше органдар жоқ. Айрықша назар аудартпаса да, әр елде болуы тиіс саналатын 17 министрлік бар. Негізі, бұл сан қатып қалған қағида деуге келмейді. Өйткені кейде бір министрліктер біріктіріліп, енді бірі өз алдына «егемендік» алып шығып жатады. Сондай сәттерде қызметтерінен босап қалатын министрлер болады. Тағы біреулері зейнеткерлікке шығады, енді біреулері істі болып жататынын көріп жүрміз. Сондықтан бүгін назарды бұрынғы министрлерге қарай бұрғанды жөн көрдік. Экс-министрлер қазір қайда, қандай қызметте жүр?

Материалды әзірлеу барысында бұрынғы сала басшыларын топтас­тыруға болатынын байқадық. Яғни, бірі зейнет жасына жеткен соң алаңсыз бала-шағаның ортасында отыруға көшсе, енді бірі кәсіп бастап, одақ құрған. Кейбірі саяси қайраткерлікпен айналысып жүр. Ел есінде ерекше қалған министрлердің дені өкінішке қарай ерен еңбегі не мықты реформасы үшін емес, жемқорлыққа қатысты бы­лықпен ұсталған. Тіпті, кәсіби ман­сабына осындай көлеңке түсіргендердің өзін бөліп қарастырса да артық емес. Себебі олардың ішінде де халық махаббатына қайта бөленгендер де, әлі күнге дейін темір тор­­дың ар жағында жатқандар да, жаңа өмір бастағандар да бар. Бір саланың басы-қасында жүріп қана қоймай, процеске тікелей жауапты министрлерге қатысты келеңсіз оқиға да аз емес.

Халыққа қызмет етуден алыстамағандар

Бұрынғы министрлердің ішінде мемлекетке қызмет етуді басқа лауа­зымда жалғастырып жүргендер көп. Мәселен, кезінде премьер-министр болып, одан кейін ол қызметін Қорғаныс министрі ретінде жалғас­тырған Даниал Ахметовті алайық. Аталған министрлікті 2007-2009 жылдар аралығында басқарған ол — қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімі. Министрлікте жем­қорлыққа қатысты шу шығып, соған байланысты Ахметов қызметінен босатылған еді. Сол оқиғадан соң ол экологиялық энергетика саласындағы компанияны басқарды. Бүгінде «аса ауыр салмақты» әкімдердің бірі ретінде белгілі. Одан бөлек, Жеңіл атлетика федерациясының президенті екенін де атап өткен артық болмас.

2014-2017 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму деп аталған министрліктің басында Тамара Дүйсенова отырды. Кейін аталған орган Денсаулық сақтау және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері болып екіге бөлінді. Екіншісінің басшысы болып Дүйсенова тағайындалып, бір жыл осы қызметте болды. Былтыр мамырда Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бө­лімінің меңгерушісі қызметіне келді.

Бір емес, екі министрлікті бас­қарғандардың мысалын айта берсе, көп. Соның ішінде бір төбе болатын Әділбек Жақсыбековті қалайша қалдырып кете аламыз? Бас қаланың әкімі қызметінде де екі рет отырған ол алдымен Индустрия және сауда министрі болды. Аталған қызметте бір жыл ғана отырған ол Президент әкімшілігіне жетекші­лікке тағайындалады. Одан кейін де бірнеше жерде болған Жақсыбеков 2009-2014 жылдар аралығында Қор­ғаныс министрлігіне келеді. Бүгінде ол «ҚазТрансГаз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде, әрі Қазақстан Футбол федерациясының президенті.

Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазір Ұлттық музейдің басшылығында. Жақында экс-минис­трдің байлығына қатысты шу шық­қан. Мәселенің мән-жайын айқындаған А.Мұхамедиұлы The Family кафесінің жұбайына тиесілі екенін, былтыр «Қазақ энциклопедиясы» баспасын сатып алғанын айтты. Ал ұлдарының атында Alem Education System білім беру орталығы және колледж бар екен. «Дипломат» қонақүйінің 71 пайыз үлесі енесіне тиесілі деседі. Сондай-ақ «Шапағат» базарын қызына алып бергенін, 45 пайыз үлесі Айжанның еншісінде екенін де айтқан еді.

Істі болған экс-министрлер өте көп…

Кезінде Көлік және коммуникациялар министрлігі дейтін жеке орган болған. 1994-2014 жылдар аралығында бұл министрліктің басында талай адам орын ауыстырып үлгерді. Біразы былыққа батып, беделіне нұсқан да келтірді. Оның ішінде ел есінде ерекше қалғаны — Серік Ахметовтің істі болуы. Үкімет басында да отырған ол 2015 жылы 10 жылға сотталған еді. Бірақ кейін­нен екі рет өтеу мерзімі қысқарып, ақыры Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңындағы рақымшылық жасалғандардың тізіміне енді.

экс-министрлер

Денсаулық сақтау министрі қызметінде екі рет отырған Жақсылық Досқалиевтің басы дауға қалып, 2010 жылы күзде қамалған еді. Басында қызметін асыра пайдаланып, қаражат жымқырды, пара алды деген айып тағылып, соңында медициналық академияға тиесілі жер телімін заңсыз берді деп айыпталды. Жеті жыл қатаң режимдегі колонияға жабылып, мүлкі тәркіледі. Бірақ кейіннен кінәсін мойын­дап, Елбасыдан кешірім сұрап, 2012 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Араға бір жыл салып, Республикалық трансплантация орталығының басшысы болып тағайындалды. Бүгінде бұ­рынғы министр халыққа қызметін емін-еркін жалғастырып келеді.

2002 жылдың көктемінде Көлік және коммуникация министрі қыз­метінде болған Абылай Мырзахметовке қатысты іс қозғалған. Үш миллиард теңгедей ақша жымқырды деген айып тағылып, жазда қамауға алынған еді. 2003 жылы Мыр­захметовті бес жылға бас бостандығынан шартты түрде айырып, мүлкін тәркілеп, мемлекеттік органдарда басшылық қызметке алдағы екі жылда тағайындалу құ­қығынан айырған. Сөйтіп, екі жыл күтіп, экс-министр Сауда-өнеркә­сіп палаталары одағының төрағасы болып тағайындалды. Кейіннен «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының басқарма мүшесі болды. Одан бөлек, кәсіпкер ретінде де танымал. Forbes-тің былтырғы «Ең беделді елу бизнесмен» тізіміне ен­ген ол — «Фараб комбинаты» ЖШС ортақ иеленушісі.

Ел есінде ерекше қалған министрлердің дені өкінішке қарай ерен еңбегі не мықты реформасы үшін емес, жемқорлыққа қатысты бы­лықпен ұсталған. Тіпті, кәсіби ман­сабына осындай көлеңке түсіргендердің өзін бөліп қарастырса да артық емес.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарған жылдары Жақсыбек Құлекеев пара алды деген күдікпен ұсталған. Бірақ кейін ақталды. Қызметін асыра пайдаланғаны үшін үш жылға сотталғанымен, Құлекеев 2009 жылы мер­зімінен бұрын шықты. Араға бір жыл салып, «Қазақ мұнай және газ институтының» корпоративтік даму жөніндегі басқарушы директоры болды. Қазір ол — AERC (Applied Economics Research Centre) орталығында ғылыми жетекші. Бұрын Экономика министрлігін басқарып, Білім және ғылым министрі болған. Біртанов ісіне қатысты пікір берген Құлекеев былтыр бір сұхбатында министрлерді түрмеге отырғызу үрдіске айналып кеткенін тілге тиек еткен. «Бүгін біреуін, ертең біреуін ұстап, шуылдата берсек дейді. Олай болмайды. Егер біз министрді түрмеге отырғызатын болсақ, соның себебін жан-жақты талқылап, бұдан кейін екінші министрдің отыр­мауына барынша жағдай жасауымыз керек. Олардың мейлінше түрмеге түспеуінің, оларды қорғаудың жолын қарастыруымыз қажет. Олар мемлекет мүддесі үшін кейде әртүрлі шешім қабылдайды. Ше­шімнің бәрі жеке басына пайда табу үшін қабылданбайды. Мемлекеттің заңы үлкен билікте жүрген азаматтар теріс шешім шығарып, оны түрмеге түсіретін болса, онда ешкім еркін қимылдай алмайды. Яғни, батыл қимылдай алмаса, шешім қабылданбаса, қоғам алға жылжымайды. Бұл — қоғамның дамуына тұсау. Сондықтан басшылық қызмет — мемлекеттің ең үлкен міндеттерінің бірі» деген еді.

Бизнеске кеткендер

Кәсіппен айналысатын минис­трлер қатарында Мемлекеттік кі­ріс министрлігі мен Қаржы сала­сы­ның басты органын басқарған Зейнолла Кәкімжанов та бар. Шарап шығаратын Arba Wine компаниясының негізін қалап, бизнесін өркендетіп отыр. Ауыл шаруашылығына үлесін қосуды мық­тап қолға алған ол 2015 жылы Бри­тания елшілігімен бірлесіп, Arba Eco Auyl фермерлік жобасының таныстырылымын өткізген еді. 2008 жылдан бері Altay Asset Management компаниясына жетекшілік етеді деген ақпарат бар. На­рыққа кіргеніне 14 жылдан ас­там уақыт болған компания жай­лы мәліметтерге үңілсек, салық төлегені туралы ақпарат мүлдем жоқ, ал жетекші ретінде Олег Сахалтуев есімді азамат көрсетілген.

Ауыл шаруашылығы министрі қызметінде бес жылдан астам уақыт отырған Асылжан Мамытбеков қазіргі таңда «Қазақстанның ет одағын» басқарады. Оған дейін «Астана банкі» АҚ тәуелсіз директоры қызметінде де болды. Министрліктен бір кетіп, одан 2018 жылы Шөкеевтің кезінде жауапты хатшы болып қайта келгені де есімізде. Одақ жұмысына қатысты екі жақты пікір қалыптасқан. Газетіміздің сайтына берген сұхбатында салаға жаны ашитынын, дамытуды көздейтінін алға тартқан экс-министр­дің жұмысына көңілі толмайтындар да бар.

Иманғали Тасмағамбетовтің тыныш өмірді қалап, жасы жеткен соң зейнетке шыққаны 2019 жылы жазылды. Бүгінгі та­қырыпқа сай келетін қызметі — Қорғаныс ми­нис­трі. Одан бұрын, ертеректе Бі­лім және ғылым министрлігін де басқарғаны бар. Соңғы жаңалықтарға сүйенсек, Ресейдегі алпауыт «Камаз» жария акционерлік компаниясының директорлар кеңесіне кандидат болып қалуы ықтимал. Құрамына 109 компания біріктірген корпорацияның директорлар кеңесі кандидаты болуға лайық екі адамның бірі ретінде Тасмағамбетов таңдалыпты. Акционерлер отырысы биыл маусымда өтеді деп жоспарланған. Бәлкім, зейнеттегі экс-шенеунікті сол құрамнан көріп қалармыз.

Жалпы алғанда, үлкен корпорациялардың директорлар кеңесіне мүше болу үрдісі бұрынғы минис­трлердің біразына тән. First Heartland Securities брокерлік ком­паниясының директор кеңесінде Аслан Сәрінжіпов бар. Үш жылдай Білім және ғылым министрлігін басқарған ол бұдан бөлек «Әлеуметтік даму» корпоративтік қорының басқарма төрағасы. Айтпақ­шы, қордың қамқоршылық кеңесіне мүшелердің ішінде «Назарбаев Университеті» білім беру дербес ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова да бар. Ол 2019 жылы Білім және ғылым министрі қызметін атқарған-ды. Шы­ны керек, тәжірибелі әрі білікті педагогтің бұл қызметке келге­нінде күткеніміз көп болғанымен, бұл орында ол бар болғаны төрт айдай ғана отырып, «таңғалдырған». Кө­лік және коммуникациялар минис­трлігін кезінде бас­қарған Серік Әлігужинов қазір Қазақстанның автокөлік иелері одағының төрағасы. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгінде Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары. Жалпы алғанда, Дәленов біраз жерде директор кеңесіне мүше болған. Мәселен, «Бәйтерек», «Өркен», «Самұрық-Қазына», «ҚазАгро», «Қа­зақстан ипотекалық компания­сы» және т.б. Байқағанымыздай, экс-министрлердің ішінде аласы да, құласы да бар. Бәлкім, шенеу­ніктердің жемқорлық фактілеріне қатысы көп болуы қарамағындағылардың ісі үшін де жауап беретініне қатысты болса керек. Әлде бір тері­нің пұшпағын илегендіктен, ондай заң бұзу деректері басшы­лыққа құлағдар етілместен шешілмей ме? Ой-пікір екіге бөлінеді. Жә, қалай десек те, мемлекеттік қызметті абырой-беделмен алып жүргенге не жетсін?!

Жадыра АҚҚАЙЫР