Айдана Меденова Корея елінің киносында басты рөлді сомдауы мүмкін

1741
Қазақ аруына Кореядан ұсыныстар түсіп жатыр.
«Кешью» тобының экс-солисті Айдана Меденова Корея сахнасында ерекше құрметке бөленді. Ол, FACE OF ASIA халықаралық фестивалінде Азиядағы музыка мен шоу-бизнес саласына қосқан үлесі үшін марапат алып қана қоймай, сол елдің алпауыт компаниялары мен білікті режиссерларының көзіне түсіп үлгеріпті. Бұл туралы Айдана Hit TV арнасына берген сұхбатында айтты.
Сәні мен әні үйлесім тапқан Айдана Меденованың аталмыш фестивальге қатысуы алғаш емес. Осымен екінші рет төбе көрсеткен жұлдыз бұл жолы олжалы оралды. Дегенмен де, дәл осылай қоржыны толатынын ойламаған әнші, әлі де толқыныс үстінде екенін жасырмады.
«Үш ай бұрын Кореядан хабарласты. Осы FACE OF ASIA фестивалінде шақырып жатырмыз деді. Ол жерде сіз ән айтасыз. Екі костьюм дайындап қойыңыз деп қана айтты. Соңғы уақытқа дейін осындай марапат алатынымды білген жоқпын. Бұрын соңды мамам екеуіміз осы елдің сериалдарын қарайтынбыз. Сол жерде бізідің жақсы көретін сериалдың басты рөлін сомдаған актриса жанымда отырды. Мен қатты таң қалдым. Мені өздерінің Q-POP жұлдыздарының қасына отырғызып, қызыл кілеммен қарсы алды»,- деп өзінің сол жердегі әсерімен бөлісті.
Өнері мен мәдениеті дамыған елдің сахнасында қазақша ән шырқаған Айданаға шарадан соң түрлі ұсыныстар түсіпті. Тіпті, кинолардың басты рөлін сомдауды да ұсынған көрінеді. «Менің тыңдармандарым бар екен сол жерде. Алдағы уақытта ұнап жатса корей тілінде әндер жазуға болады. Барған бойда, барлығы өздерінің комплименттерін айтып, өздерінің ұлттық киімін кигізіп, суретке түсіруге өтініш жасап жатты. Қазір екі-үш контракт бар. Ойланып жатырмыз. Косметикалық өнімдерді жарнамалайтын роликтер ғана емес, кинодағы басты рөл болуы да мүмкін», — деп әнші өзінің алдағы жоспарының шет жағасын жеткізді.