ӨРКЕНИЕТ КӨШІНЕН ҚАЛЫП ҚОЙМАУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

1701
2018 жылғы 21 қарашада баспасөз бетінде жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын барша жұрт қатары айрықша ықыласпен оқып шықтық. Бұл — осыдан біржарым жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының заңды жалғасы іспеттес дүние екен.
Қазақстан тарихына қажетті дәйектеріміз мыналар деп ұғынамыз:
Біріншіден, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрайтын протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылған.
Екіншіден, зор мәдени жетістіктердің көпшілігі алдымен Ұлы даламызда пайда болып, кейіннен Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге тараған.
Үшіншіден, елімізде табылған тарихи жәдігерлер біздің ата- бабаларымыздың өз заманының озық технологияларын қолдана білгенін айғақтайды.
Осының бәрі ұлттық тарихымыздың тарихы тереңде екенін дәлейдей түседі. Елбасы нақты ғылыми деректерге сүйеніп, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға шақырып отыр.
І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ
Елбасы Ұлы даланың жеті қырына мыналарды енгізеді:
1. Атқа міну мәдениеті
Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы төрткүл әлемге Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Қазақстанның Солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында қазба жұмыстары жүргізілген. Сонда жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгені дәлелденген. Бойына бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің рәмізіне айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі — батырлар заманының ең танымал эмблемасы іспеттес.
Автокөлік қозғалтқыштары қуатының аттың күшімен өлшену дәстүрі — жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісіндей. Салт атты адамдар киген шалбарлар мен етіктер және ер-тұрман мен үзеңгіні де ойлап тапқан көшпенділер екен. Садақ, қылыш пен сауыт та соларға тиесілі.
2. Ұлы даладағы ежелгі металлургия
Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жерінде металлургия пайда болған деуімізге толық негіз бар. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында пайда болған тау-кен ошақтарында қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастаған.
3. «Аң стилі»
«Аң стилі» өнері — Қазақстанның ежелгі тұрғындары мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі іспеттес. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының рәмізіне баланған. Осы орайда егемен еліміздің рәміздерінің бірі —тұрпаты текті қар барысы екені кездейсоқ емес дер едік.
4. «Алтын адам»
1969 жылы еліміздің Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» — әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық болған. Оны өнертанушы ғалымдар «Қазақстандық Тутанхамон» деп те атаған. Жауынгерлердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Қорымдағы сән-салтанатты жасау-жабдықтар ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен мол хабар беріп тұрғандай. Жауынгерлердің жанынан табылғн күміс кеселердегі ойып жазылған таңбалар — Орталық Азия аумағындағы жазу атаулының ең көнесі деп айтуымызға болады.
5. Түркі әлемінің бесігі
Алтайдың асқар таулары сан ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі Түркі әлемінің бесігі саналған. Осы өңірде біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығының орта шенінде пайда болған Түркі дүниесімен қоса-қабат Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталған. Түркілер ұланғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол аша білген. Ежелгі Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі — Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелді. Түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі — Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқаны тарихтан мәлім.
6. Ұлы Жібек жолы
Еуразия құрлығының кіндігінде орналасқан еліміз Ұлы Жібек жолы жүйесіне енген. Сөйтіп, Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы трансконтинентальды желіге айналған. Бұл дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және Славян өркениеттерін өзара байланыстырған.
7. Қазақстан — алма мен қызғалдақтың Отаны
Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи Отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қазақстан төрткүл әлемдегі алма атаулының арғы атасы — Сиверс алмасының Отаны болып саналады. Алманың бұл түрі Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолы арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының рәмізі ретінде еліміздің әсем қалаларының бірі Алматы деп аталған. Шу, Іле тауларының етегінен жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын — Регель қызғалдағын кездестіруге болады. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3000-нан астам түрі бар. Соның 35 түрі Қазақстанда өседі.
ІІ. ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУ
Елбасы тарихи сананы жаңғырту жұмысын мынадай алты ірі жоба арқылы бастауға болатынын айтады:
1. «Архив – 2025»
Тәуелсіздік жылдарында халқымыздың өткенін зерттеуге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылғаны баршаға мәлім. «Мәдени мұра» бағдарламасы табысты іске асырылуда. Алайда, бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар әлі күнге дейін ғылыми айналымға түспегені жасырын емес. Елбасы барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне зерттеулер жүргізу үшін «Архив — 2025» атты жетіжылдық бағдарлама жасау қажеттігін алға тартып отыр. Осы орайда архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болу үшін оларды цифрлық форматқа көшіру қажет. Мектептер мен өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру да маңызды болмақ
2. Ұлы даланың ұлы есімдері
Көне дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин, Джордж Вашинтон сияқты төрткүл әлемге танымал тұлғалар қазіргі таңда «өз мемлекеттерінің» баға жетпес рәміздік капиталы болып саналады. Ұлы дала Әбу Насыр әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи, Күлтегін мен Сұлтан Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай, тағы басқа да ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.
Елбасы біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу керектігін алға тартады.
Екіншіден, қазіргі әдебиеттегі, музыка, театр салалары, бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар, ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасау қажеттігін айтады.
Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін қамти отырып, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығару жұмыстарын жандандырған жөн.
Бұл бағытта қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік мамандар да тартылатын Халықаралық көпбейінді ұжым құру арқылы біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөніндегі мағлұматтарды шетелдіктерге де таныстыруға болады.
3. Түркі әлемінің генезисі
Қазақстан — күллі түркі халықтарының қасиетті «Қарашаңырағы». Осыған байланысты Елбасы «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажеттігің алға тартады. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру керектігін айтады. Википедия үлгісіндегі Қазақстанның модераторлығымен Түркі халықтарына ортақ туындыларының бірыңғай онлайн кітапханасын ашудың маңыздылығына тоқталып өтеді. Түркістанды халқымыздың рухани орталығы ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орынға айналдыруымыз қажеттігін атап өтеді.
4. Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі
Елбасы «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуды алға тартады. Оған аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үлгілерін көрсететін заттарды, тағы басқа да жәдігерлерді жинақтағанымыз жөн. «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» аты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі, тағы басқа да тақырыптар бойынша фестивальдер өткізуге болады. Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын туристік жоба ретінде пайдаланғанымыз мақұл.
5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы
Елбасы бұл жоба аясында «Дала фольклорының антологиясын» жасау керектігін алға тартады. Оған халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері —ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостарын жинақтаған жөн. Қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сызсырнай, тағы басқа да музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын — «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын шығару қажет. Ауызша және музыкалық дәстүрді жаңғырту заманауи аудиторияға жақын әрі түсінікті форматта болуы керек. Фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет.
6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі
Халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнерінің алатын орны айрықша. Сол себепті Елбасы Қазақстанның өркениет тарихында үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық
сериалдар мен толық-метражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керектігін айтты. Бұған отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді, заманауи кино өндірісінің тағы басқа да мамандарын тарту қажет. Қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блок-бастерлердің элементтері қосылған жаңа тарихи теле-кинотуындылардың жанрларын барынша кеңейту қажеттігін айтты. Сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдардың да қажеттілігін атап өтеді. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен билеушілеріміз төрткүл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар екеніне тоқталады.
Қорытындылай айтқанда, «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасының жаңа компоненттері ата-бабаларымыздың сан ғасырлық мұрасының заманауи цифрлық өркениет жағдайында оны бараынша жаңғыртуға мүмкіндік беретіні айқын. Өз халқының өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту — еліміздің табысты болуының кепілі екені даусыз. Өркениет көшінен қалмау – заман талабы болғандықтан, біз, жастар, төл тарихымызды терең білумен қатар оны төрткүл әлемге таныта да алуымыз керек деген ой түйіп отырмыз

Қарлығаш ҮСЕНҚҰЛОВА,
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Ақпараттық білім беру орталығының кітапханашысы, педагогика және психология ғылымдарының магистрі.
Шымкент қаласы.