«Көрініп қалуды ғана көздеді». Ғабидолла Әбдірахымовтың қызметтен не үшін кеткені белгілі болды

1501
Күні кеше ғана Лондоннан сәлем жолдаған әкім бүгін жылы орнын босатты. Мемлекет басшысының жарлығымен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметінен кетіп, оның орнына Ерлан Айтаханов тағайындалды.
48 жастағы Ерлан Қуанышұлы – осы өңірдің тумасы. Үйленген. Екі баласы бар. Ол кезінде бірнеше жеке компаниялар мен түрлі министірліктерде басшылық қызметтерді атқарды. Екі мәрте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған Айтаханов соңғы уақытта Отырар ауданын басқарған. Ал, орнынан кеткен Ғабидолла Әбдірахымовқа әзірге басқа қызмет ұсынылған жоқ. Мегаполисті екі мәрте басқарған Ғабидолла Рахметоллаұлын Шымкент жұрты ұзақ уақыт ұмытпасы анық. Шенеуніктерді қызметтік көліктен түсіріп, велосипедке отырғызған экс-әкімнің аңдамай айтқан әр сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсетін. Айғайға басқан Арыс жұртын сабырға шақырамын деп басы дауға қалған. Соңғы рет Лондоннан сәлем жолдап, жұртты тағы дүрліктірген. Осы толассыз «хайптар» шенеуніктің қызметінен кетуіне түрткі болса керек, президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев Әбдірахымов артқан сенімді ақтамады деп мәлімдеді.
Дереккөз:ktk.kz