Көктөбе суының кереметін білесіз бе?

7829
Қойнауы құтқа толы Қазығұртта киелі мекендер мен қасиетті жерлер өте көп. Туған жердің табиғатына, сұлулығына, кереметіне тәнті болмасқа амалың жоқ! Қазығұрттың Табиғат-Ана сыйлаған кереметі зерделей білген азаматқа туризм саласына сұранып тұр. Біз бүгін Қызылтаң ауылындағы «Көктөбе» табиғи емдік суы жайлы айтқалы отырмыз. Сонау советтік кезеңнен бері ел арасында емге пайдаланып жүрген «Көктөбе» суының қасиеті жайлы Тасбалта Керімбекұлымен әңгімелесудің де сәті түсті. Ол кісі әңгімесін былай жалғады.
– 1999-жылы анам Ұлдан қатты ауырып, «комаға» түсіп қалған-ды. Ташкенттен Шахадыр деген дәрігерді шақырттық. Анамыздың өт жолдарында құм-тас бар екен. Анама дәрігер алғашқы система салғанда еш әсер болмады. Екінші системаның жартысын қабылдаған соң анам тілге келіп, ауырған жерлерін айта бастады. Анаңыздың өті дұрыс тамбағандықтан өт денеге тарап, дене сарғайып жатыр деді.
Осыны естіген соң Көктөбеден анама 22 «баклашка» су әкелдім. Суды дәрігерлердің кеңесімен айранға араластырып бере бастадық. Дәрігер: «Анаңыз осында 10-15 күн ем қабылдап, түзелген соң Ташкенге барып ем қабылдайды. Мұндай жағдайда мен анаңызды алып кете алмаймын», – деді. Анам ақырындап әл-жинап, өз-өзіне келе бастады. Айтылған уақыт өткен соң Шахадыр дәрігерді үйге қайта алдыртып, анамды тексеруін өтіндім. Анамды қараған ол: «Тасеке, енді сіздің анаңызға Ташкентке әуре болуының қажеті жоқ. Сәл күннен соң анаңыз сізден тамақ сұрап жейтін жағдайға жетеді», – деп көңіліміздегі күдікті бір сейілтіп тастады.
Не керек, анам осы суды тұтына бастаған соң баяғы құсуын тоқтатты. Сонда дәрігер маған: «Мүмкіндігіңіз болса, сіз осы жерді қалайда алыңыз. Талай дертіне шипа іздеген жандарға шипа болып, мыңдаған жанның сауабын аласыз», – деген ой тастады. Содан не керек осы жерді қалайда алып, көркейтіп, елдің сұранысына сай бір сауықтыру аймағын салуды ниет еттім. Содан 1999-жылы сол кездегі аудан әкімі Тілләбек Мұсабаев өтінішімді жерге қалдырмай, жеке меншігіме 25 гектар жерге шешім шығарып берді. 20 гектар жерді суармалы аймаққа айналдырып, көшет ағаштарын отырғыздық. Алғашқы жылы еккен ағаштарымызды мал жеп қойған соң, кейін қайта ектік. Бұлақтың басына үй салып, шағын цех орнаттық. Осында жатып ем қабылдау үшін емделушілерге барынша қолдан келгенше жағдай жасап жатқан жайымыз бар. Менің меншігімдегі аймақта «Ана бұлақ», «Бала бұлақ», «Қыз бұлақ» бар. Мұнан басқа аймақта емдік қасиетке ие Тамшы бұлақ, Ноғайбай бұлақ, Ата бұлақ, Көк бұлақ, Нұртас бұлағы бар. Өзіңіз секілді журналистер менің сыртымнан анамның құрметіне «Ана бұлақ» деген атауды қойыпты деп жазып жүр екен. Шындығында, олай емес. Бұл менің, не анамның, не болмаса басқа да ет-жақын адамдарымның құрметіне қойылған атау емес. Бұрыннан бар атау», – деп сөзін сабақтай түсті.
Жасы жетпістен асса да Тасбалта Керімбайұлы жүрісі ширақ, қолынан көп іс келетіні көрініп тұр. Әлі күнге дейін ізденіс үстінде жүр.
Ал, енді бұлақ суының адам денсаулығына келер пайдасы үлкен екен. Кезінде Ташкенттегі академик Семашко атындағы ғылыми-зерттеу институтына «Көктөбе» суын зерттеп, сапалы деп жоғары баға беріпті. Алматы қаласындағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының академигі Болат Әбдікәрімов өздерінің зертханасын бұлақтың басына әкеліп, суын зерттеп: «Тибеттің суын алтын десек, бұл су алмаз деген болар ем», – деген екен. Біз айтып отырған бұлақтың негізгі емдік қасиеті ас қорыту мүшелерінің асқазан, бауыр, бүйрек, өт жолдары, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, денеге жиналған тұздарға, созылмалы шаршау синдромы, несеп-жыныстық мүшелеріндегі өзгерістері мен  тасқа  айналу, эндокринді  жүйенің ауруларының алдын алу жəне  емдеу мақсаттарына  ұсынылады.
Бүгінде Тасбалта Керімбайұлы суды көпшіліктің қолы жететіндей жағдай жасап, сұраныс түскен аймақтарға жөнелтуде.
Осы суды пайдалып жүрген Тутанбай Мейірхан Мейрамбекұлы «Ел 24» ақпараттық порталының аудармашысы): «2016-жылы Ташкенттегі 94 жасқа келген Махмуд Абиров деген кісі осы «Көктөбе» суын пайдалануды ұсынды. Сол кісінің айтуымен сол жылдан бері «Көктөбе» суын ас суы ретінде пайдаланып келемін. Менің ауырмайтын жерім жоқ десем де болады. Әуелі Алла, одан кейін осы судың кереметінің арқасында денсаулығым түзелуде. Менің бүйрегімде тас та бар, ДЦП-мен ауырам. Шүкір, қазір жағдайым күнен-күнге жақсаруда. Қарындасым да осы суды ас суы ретінде пайдаланып жатыр. Ол да өзін жақсы сезінеді», – деп «Көктөбе» суының пайдасы тиіп жатқандығын ризашылықпен жеткізді.
Ал, қазығұрттық Бекбосын есімді азамат өзін осы судың арқасында ауруынан айығып, бүгінде денсаулығы сыр бермей, жақсы жүргендігін айтты.
Семей қаласының тұрғыны Қайрат Қалиханұлы осынау бұлақ суы жайлы анам 1983-жылы поезда газеттен оқып біліпті. Содан ем қонбай жүрген маған осы суды 2 жыл ішкізді. Бұрын дәрігерлердің есебінде тұрған болатынмын. Қайта тексерілуден өткенде дәрігерлер менде бұл диагноз бойынша ешнәрсе көріп тұрмағандықтарын айтып, қайта-қайта анализ тапсыртты. Міне, сол жылдан бері бүйрек мәселесі мені мазалаған емес. Бүгінде Қазығұрттан тапсырыс алып, «Көктөбе» суын Алматы, Астана, Тараз, Семей қалаларына тасымалдап жүрмін. Бұл суды пайдаланған азаматтар өздерін жақсы сезініп, шипа болып қонып жатқандығын айтуда. Көптің алғысына бөленіп, ақ батасына ие болғаннан артық ешнәрсе жоқ қой, – деді.
«Көктөбе» суының кереметі әлі де болсын көпшілікті таң қалдыруда. Дертін жеңіп, жер-жерден ағылып келіп жатқандардың да қарасы көп. Қазақстанның түкпір-түкпірінен, мұнайлы Маңғыстаудан, Ақтөбеден, еліміздің солтүстік пен шығыс өңірлерінен арнайы келіп, әкетіп жатқан азаматтар әлі күнге дейін емдік суды үзбей пайдаланып жүр.
«Алдағы уақытта бұлақ басын сауықтыру алаңына айналдырып, демалыс аймағын салсақ деген ниетіміз бар. Мүмкіндік болса курортолог-дәрігері, диетолог, физиотерапевт, емдік бөлме мейірбикесі мен физиотерапия мейірбикесі, массажист секілді білікті мамандарды жұмысқа шақыртсақ деп отырмыз. Барлығы уақыт еншісінде деп қарап отыруға да болмайды. Ол үшін іскер азаматтармен келісім-шарт жасассақ деген ойда отырмыз. Ол да болса уақыт еншісінде», – деген Т.Керімбаев біраз жоспарларымен бөлісті.
«Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы туған халқының тарихы ешкімнен де олқы еместігін түсініп, ата-бабалары қалдырған кең байтақ жердің лайықты мұрагері болуға тиіс», – деп Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, керемет іздеп алысқа сапар шекпей-ақ, өз өлкемізді зерттеу арқылы талай құпияларды ашуға болады. Әркімге туған жері, елі қымбат. Адам баласы үшін туған өлкесінен артық еш нәрсе жоқ. Ата қоныс-атамекенді көркейтіп, көркіне көрік қосып, берекелі істің ұйытқысы болып отырған Тасбалта Керімбайұлы «Адал еңбекпен, маңдай термен келген еңбектің наны тәтті болады», – дейді.
Осы мақала теріліп, газетке беріліп жатқанда, сонау Ақтау қаласының тұрғыны Әби Қарабайұлы редакцияға келіп, бізге Елтай бабаның зайыбы Ханбибі ана туралы тың деректемелер берді. Ол кісінің айтқанына қарағанда, ілгеріде Ханбибі ана осы Көктөбеде, Ана бұлақта ғұмыр кешіпті. Бойында емшілік қасиеті болыпты. Ханбибіден – Адай ата дүниеге келіпті. Өткен қазан айында Ана бұлақ басына бүкіл адайлардың атынан Ханбибі анаға ескерткіш тақта орнатылыпты. Бұл деректеменің ақиқатқа қаншалықты тура келетінін зерделеу шежірешілер мен тарихшылардың еншісінде.
Біздің айтпағымыз, «Көктөбе» суының қасиетін ел біліп, дертіне шипа тапса деген ниет қана. Кезінде әлемге әйгілі көріпкел Ванга әжей де: «Әр елге ең алдымен өз туған жерінің шөбі, суы тиімді ем болады», – деп кеткені бар. Расында солай шығар.
Ғазиза ТІЛЕУБЕРГЕНҚЫЗЫ.
Қазығұрт ауданы.