Запорожды басып алу: Ең ірі шайқас басталмақ!

318

The Economist басылымы Ресейдің Запорож қаласына ауқымды шабуыл жасау жоспары барын айтты. Басылымның ақпараты бойынша Ресей қаланы басып алу үшін кемі 130 мың әскер мен мыңдаған техниканы қолдануы ықтимал. Қазіргі таңда Запорож қаласы майдан шебінен 35 шақырым жерде орналасқан.

Ресейдің Конституциясы бойынша Запорож облысы Ресей аумағына кіреді. Бұл туралы 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеген болатын. Путин Херсон және Запорож аумағында өткізілген заңсыз референдум нәтижесін растай отырып, Запорож облысының Ресейге тиесілі екенін мәлімдеді. Алайда әлемде бірде-бір ел аталған аймақты Ресейдің территориясы деп мойындаған емес.

Запорож қаласы Ресей мен Украина үшін аса маңызды. Қала Украинадағы ірі өндіріс ошақтары орналасқан облыс орталығының бірі. Украинаға өндіріс ошақтарын сақтап қалу аса маңызды. Сарапшылар Украина әскери өндірісін дамыту үшін және соғыстан кейін мемлекетті қалпына келтіру үшін өндіріс ошақтарына сенім артатынын айтты.

Әскери сарапшылар Ресейдің Запорож қаласына шабуылы қаладағы позицияларды зымыран, дрон және артиллерия соққысының астына алумен басталатынын болжауда. Ресей әскері екі жылдың ішінде Запорож қаласындағы 1500-ге жуық ғимаратты қиратқан.

Украинаның барлау қызметі Ресейдің Запорож қаласына шабуыл жасау жоспары кешігіп жатқанын айтуда. «Ресей тамыздың орта шегінде қаланы шабуылдау операциясын іске асырмақ болған. Алайда Украинаның Курскке басып кіруі олардың жоспарын бұзды және операцияға дайындалған әскери бөлімшелердің тең жартысы Курск облысына жіберілді»,  — дейді Украина барлау қызметі.

The Economist басылымы Украина әскерінің шабуылды тойтаруға дайындалып жатқанын айтты. Терең ор қазу, бронды техникаға қарсы айдаһар тістерін орналастыру, алқаптарды миналау, бетонды позицияларды көбейту, әскери бөлімшелерді қалаға жақын аймақтарға топтастыру және қалаға дрондарды көптеп әкелу іске асуда. Сарапшылар Украина алғаш рет АҚШ-тың жаяу әскерге қарсы миналарын да Запорож бағытында орналастыратынын айтуда. ISW сарапшылары Ресейдің Запорож қаласына шабуыл жасауы Мәскеу үшін үлкен әскери шығынға ұласатынын және осы соғыстағы ең ірі шайқастың бірі болатынын болжауда.

Соғысқа дейін Запорож қаласында 700 мыңнан астам халық тұрған. Қазіргі таңда қала халқының саны 300 мыңнан асады.

Mezgil.kz