Бүгін Сенат отырысында депутат Марат Бақтиярұлы ғарыш кешеніне жақын тұратын халықтың денсаулығы соңғы 15 жылда күрт нашарлап кеткенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«80 мыңға жуық адам тұратын Байқоңыр қаласының және Төретам, Ақай елді мекендерінің тұрғындарымен кездесу барысында ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелерге көз жеткіздік.
Біріншіден, әрбір зымыран ұша салысымен кемінде 4-5 күн ауа райы бұзылып қатты жел тұрады. Ол жел оңтүстегіндегі Жаңақорғаннан, солтүстігіндегі Аралдан асып Ырғызға дейін барады. Көктем айында ылғалды болған жерлерде жақсы шыққан шөпті үздіксіз соққан жел кептіріп жібереді. Бұл мал мен егін шаруашылығына өз зардабын тигізіп жатыр. Халық мүмкіндік болса, «Байқоңырдан» ұшатын зымыранды көктем айларында ұшырмауды сұрайды.
Екіншіден, ғарыш кешені Ресейге ұзақ жылдарға жалға берілген. Осы үшін жылына Қазақстан бюджетіне 115 млн доллар көлемінде қаржы түседі. Өкінішке орай, осы жалға берілген қаржы зардап шеккен елді мекендердің халқына бұйырмайды. Статистикаға сүйенсек, 15 жылдың ішінде тұрғындар арасында қан тамыры аурулары көбейген, әйелдерің 60 пайызы анемиямен ауырады, шала туған сәбилердің өсуі белең алған. Бұған улы отын гептеннен ұшатын протон зымырандарында болған апат әсер етіп отыр. Осы кезге дейін Қазақстан аумағында төгілген мыңдаған гептеннің қоршаған орта мен халыққа тигізген зияны әлі зерттелген жоқ. Бұл біздің министрліктердің жіберген жауапсыздығы», − дейді депутат.
Оның айтуынша, мемлекет үшін ең алдымен адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау бірінші кезекте тұруы тиіс. Сол себепті, жалға беруден түсетін қаражаттың бір бөлігі енді мекен тұрғындарының денсаулығына жұмсалуы керек.
Айта кетерлігі, бүгін Сенат отырысында «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы заң жобасы мақұлданды.