Түркістан облысының Сарыағаш қаласында пошта қызметкері 35 млн теңгеге жуық қаражатты алаяқтық жолмен иемденді деген күдікпен ұсталды. Оған екі сыбайласы көмектескен деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияға пошта бөлімінің басшысы арызданған. Ол аса ірі көлемдегі ақшаның қолды болғанын айтқан. Нәтижесінде ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, осы поштаның жас қызметкері ұсталды.
«Сондай-ақ тергеп-тексеру барысында ұсталған жігітке қылмысты жүзеге асыру үшін көмектескен 2 сыбайласы, яғни ер азаматтар анықталды. Олардың бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі Семей қаласының тұрғыны. Белгілі болғандай пошта қызметкері қасындағы 2 сыбайласымен бірге алдын ала сөз байласып, мекеменің қорына жиналған 35 000 000 теңгені шотына аударып жіберу арқылы жымқырған. Қолды еткен қомақты қаржыны өзара бөлісіп алған», — делінген Полиция департаменті таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда ұсталған үш күдікті қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның басқа да толық мәнжайы тергеу барысында анықталатын болады.