Түркістан облысында бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды

1214
Түркістан облысында бірнеше  пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды. Тергеу барысында сезіктінің жәбірленушілерге 800 мың теңгеге жуық шығын келтіргені анықталып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтар айында Қазығұрт ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Оның сөзінше белгісіз біреулер үйінен 150 мың теңгенің  ноутбугі мен әшекей бұйымдарын ұрлап кеткен.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Қазығұрт ауданының полицейлері осы қылмысқа қатысы бар деген Шымкент қаласының тұрғынын қолға түсірді. Тексеру барысында сезіктінің  10-нан астам бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысына қатысы бар екендігі анықталды.
Ол  жәбірленушілердің үйіне есік пен терезені бұзып кіру арқылы, ноутбуктер мен түрлі бағалы заттарын, әшекей бұйымдарын жымқырып отырған. Қазір аталған жайт бойынша ҚР ҚК-нің 188 «ұрлық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, айғақты зат ретінде алынған мүліктер заңды иелеріне қайтарылды. Сондай-ақ күдіктінің өзге де   қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.