Тоқаев екі қаладағы митингілерге қатысты пікірін айтты — видео

1182
Тоқаев заңсыз митингілер кезінде құқық қорғау органдарының үш қызметкері зардап шеккенін атап өтті
Президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев шеруге шыққандармен диалог орнатуға дайын. Бұл туралы мемлекет басшысы отандық және шетелдік БАҚ өкілдерімен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Иә, шынымен, Алматы мен елордада бір топ азамат наразылығын білдіру үшін көшеге шықты. Қазақстан Республикасының заңнамасы тұрғысынан қарасақ, бас прокуратураның ескертуіне қарамастан, аталған әрекеттер заңсыз деп саралануы мүмкін. Елімізде бостандық бар ма дегенге тоқталсам, Қазақстанда бостандық бар», -деді Тоқаев.
Оның айтуынша, наразылық шерулері кезінде кейбір азаматтар полиция қызметкерлерін әдейі арандатқаннан кейін, олардың тарапынан қажетті шаралар қабылданған.

«Бұл азаматтар шеттен келетін ақпаратты тұтынып, заңсыз әрекеттерге барған, басқа азаматтардың өміріне қауіп төндірді. Азаматтар полиция органдарына жүгініп, олардың тыныштығын қамтамасыз етуді сұраған. Сондықтан мен мүмкіндікті пайдаланып, өз қызметін кәсіби және абыроймен атқарған полиция қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді», — деді мемлекет басшысы.
Тоқаев сайлау қарсаңында құқық қорғау органдарына өздерін байсалды ұстауға тапсырма бергенін айтты.
«Олар наразылық шеруі кезінде солай жасады. Болашақта да өздерін дәл осылай ұстайтын болады», — деді президент.
Мемлекет басшысы бас көтергендермен диалогқа дайын екенін жеткізді.
«Мен наразылық шеруіне шыққандарға диалог формасын ұсыну қажет деп санаймын. Мен бұған дейін қоғамдық сенім комитеті құрылатынын айтқан едім, оның құрамына біздің қоғамның түрлі топтарының өкілдері кіреді, онда пікір алмасатын боламыз. Менің позициям туралы қоғамда әртүрлі пікір болуы мүмкін, бірақ біз біртұтас ұлтпыз. Сан пікір – біртұтас ұлт», — деді ол.