Мен «транзиттік жолаушы» емеспін — Тоқаев көзқарасын ашық білдірд

1177
Қасым-Жомарт Тоқаев билік транзиті тақырыбын осымен жабу керек деп санайды
Қазақстанның жаңадан сайланған президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билік транзитіне қатысты әңгімені тоқтату қажеттігін жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Мен өзім «транзит» деген сөзге қарсымын. Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат бергенде «қазақша транзитті» сәл-пәл қағытып өттім. Транзит дегеніміз не? Сонда мен транзиттік жолаушымын ба? Әлде, жолсерікпін бе? Жоқ. Мен өзімді Қазақстан Республикасының толыққанды президенті деп санаймын. Мен жолсерік емеспін. Поезды да, ұшақты да ауыстырайын деп отырған жоқпын. Сондықтан «транзит» деген сөзді доғарайық. Сайлау өтті, президент сайланды», — деді Тоқаев Ақордада өткен баспасөз мәслихатында.
Мемлекет басшысы дауыс берудің алдын ала нәтижесін естігенде қандай күйде болғанын да айтып берді.
«Шынымды айтсам, қандай да бір сезімге берілген жоқпын. Біртүрлі салқын сабырлық болды. Неге екенін білмеймін. Бәлкім, ары қарай не істеу керек екенін ойлап жатқаннан кейін адам қатты сезімге берілмейді. Жұмыс кестесі өте тығыз. Қуаныш пен күлкіге уақыт жоқ десек те болады», — деп атап көрсетті Тоқаев.
Оның айтуынша, ұлықтау рәсімі 12 маусымға жоспарланған. Алайда оған дейін орталық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелерін жинақтап, ресми есепті жариялауы қажет.