Жұмыс ұсынады және сотқа шақырылады: Алимент төлемегендерге жаңа жаза қолданылмақ

1745
Қазақстанда қасақана алимент төлемейтіндерден өндіріп алу жүйесі өзгереді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 
Қазақстан Республикасы әділет министрлігі қасақана алимент төлемейтіндер туралы қаулыны өзгерту үшін жоғарғы сотпен жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы әділет министрі Марат Бекетаев халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
Министр қазір алимент өндіріп алу бойынша сот орындаушыларының жұмысын мемлекет төлейтінін айтты. Әрбір өндіріске 15 АЕК (айлық есептік көрсеткіш 37 875 теңге немесе 100 доллар шамасында) бөлінеді.
Министрдің пікірінше, бұл сома берешекті өндіріп алу бойынша өндірісті қозғау, мүлікті іздеу, борышкердің табысын тексеру, тыйым салу, шығуға тыйым салу, сондай-ақ бар болған жағдайда жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұру секілді негізгі іс-әрекеттерді жасауға жеткілікті.
Әділет министрлігі құқық қорғау органдары жұмысына жаңа практиканы енгізуді жоспарлап отыр. Алимент төлемеген азаматқа екі мәрте жұмыс ұсынылады. Егер осы екі ретте де бас тартса немесе жұмысқа келмей қойса, борышкерлердің «қара тізіміне» енеді.
Марат Бекетаев жоғарғы соттың нормативтік қаулылары көп жыл бұрын қабылданғанын және қазір қайта толықтыруды қажет ететініне тоқталды.