Президент Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

774

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

«Құрметті отандастар! Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Осы күндерде азаматтарымыз рухани тазарып, жан дүниесін жаңғыртады, жақсылық жасайды. Рамазан айында имандылық, жанашырлық және мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтардың қадірі арта түседі. Исламның гуманистік идеалдары еліміздегі береке мен бірлікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін маңызды рөл атқарады. Біз халқымыздың ырыс-ынтымағының арқасында кез-келген қиындықты еңсеріп, болашаққа сеніммен қадам басамыз. Қасиетті ораза айында бүкіл мұсылманның жүрегін қуаныш кернеп, жұртымыз татулық пен тыныштыққа бөлене берсін! Барша азаматтарымызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», — деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, 2022 жылы Рамазан 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза 30 күнге созылады. 2 мамырда Қазақстан мұсылмандары Ораза айт мерекесін тойлайды