Жазғы демалыс қызықты өтуде!

842

Міне, жайдарлы жаздың қызықты күндері өтуде, балалардың қуанышы ерекше. Өйткені, қашан да жаз маусымы демалысымен қызықты. Сондықтан елімізде балалардың жазғы демалысын пайдалы ұйымдастыру дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Жазғы үйірмелер – бұл  балалардың жақсы тынығып, денсаулықтарының нығайып, шығармашылықпен айналысып, жаңа достар тауып, уақыттарын қызықты өткізетін орыны. Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты Балалар көркемсурет мектебінің «Арт шайн» аула клубтарында балалардың бос уақытын қызықты өткізу, жаңа әсерлер сыйлау, шығармашылық өсу, өзара қарым-қатынас, ойын, таным, өнер – барлығын бір тұтас қамтып, демалысты қызықты өткізу жоспарға алынған. Осыған орай компьютерлік графика, экология, би, домбыра, «Шебер қолдар», ағаш ою өнері сияқты  түрлі үйірмелер жұмыс жасауда. Мұнда балалар түрлі өнер түрлерін меңгерумен қатар, денсаулықтарын да нығайтады. Таза ауада «Көңілді мәре», «Кім жылдам?» сияқты қимылды ойындар ойнап демалыстарын қызықты өткізуде. Сонымен қатар «Саяхат уақыты» деп аталатын демалыс кезеңінде Шымкент қаласының көрнекі жерлеріне  саяхат жасап, сол жерлердің мән-маңыздылығын түсіне білді. Осындай мазмұнды, қызықты іс-шаралар арқылы балаларының демалысының пайдалы етіп өтуіне ата-аналарда  өз ризашылықтарын білдіруде.

Аула клубтың белсенді мүшесі  Жолдасбек Омар екі жылдан бері «Ағаш ою өнері» үйірмесіне қатысып, қалалық байқаулардың жүлдегері атанып келеді.

— Баламның  бос уақыты осында өтеді. Қол өнерімен айналысып, қызықты шараларға қатысады. Мұнда достары да көп. Қазір жазғы демалысын аула клубында өткізуде. Бала үйренетін, танымын кеңейтетін үйірмелердің үйдің маңында болғаны қандай жақсы!- деген ойымен бөлісті Омардың анасы.

Ата-аналардың алғысы көптеп келуде, ал жылы лебіздер біздің ұжым үшін жаңа серпіліс!

Жайдарлы да шуақты жазды көңілді өткізейік!

 

Мараймова Ақбота

Балалар көркемсурет мектебіне

қарасты аула клубтардың меңгерушісі