Дәрі-дәрмектерді шекті бағадан асырып сатуға тыйым салынады

2697
Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова ОКҚ-да өткен брифингте дәрі-дәрмектердің бағасы қалай реттелетінін айтты. 
2018 жылы 28 желтоқсанда ҚР Президенті «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Дәрілік заттардың бағасын реттеу рәсімі ресми жарияланған күннен бастап 3 айдан кейін күшіне енеді.
«Үш ай ішінде министрлік дәрілік заттардың сату бағаларын реттеу ережелерін бекітеді. Өндірушілермен баға қалай бекітілетіні, көтерме және бөлшек сауда бағалары және шекті бағалар қалай белгіленетіні анықталады. Бекітілген бағадан асырып сатуға тыйым салынады. Шекті бағадан асырып сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген», — деді Бюрабекова.
Оның айтуынша, министрлік дәрілер бағасын жылына екі рет белгілеп отырады.
«Сайтта дәрі-дәрмек бағасы электронды форматта тіркеледі. Сарапшы ұйым –дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау орталығы. Барлық рәсім толықтай шифрланған. Бес күн ішінде өндірушілер бағасы тіркеледі. Бізде 8 мыңнан астам препарат тіркелген. Бүгінде тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында 2300 дәрі-дәрмек тіркеліп отыр», — деді ол.
Назерке Абибулла