Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Ләззат Сүлеймен екінші деңгейлі банктердің жүргізіп отырған саясаты мен жеке сот орындаушыларының жұмысына наразылығын білдірді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Ол Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына сауал жолдады. Мұндай сауал дайындауына Алматыдағы бес адамның өлімімен аяқталған тұрғын үйді босатуға қатысты жанжал себеп болғанын айтты.

Жүргізілген талдау, кепілдік мүлікпен сауда-саттық сыбайлас жемқорлық көріністері үшін жайлы орта болғанын көрсеткен. Оның айтуынша, мұндай жағдайлар банктер мен жеке сот орындаушыларына борышкерлердің жылжымайтын мүлкін төмен бағамен, кейде шектеусіз мөлшерде сатып алуға мүмкіндік береді. Бір адам бірнеше пәтерді сатып алған деректер де тіркелген. Сонымен қатар, барлық сауда-саттыққа қатысушылар бір-бірімен байланысты болған жайттар да аз болмаған көрінеді.

2021 жылдың 1 шілдесінен 30 қыркүйегіне дейін республиканың әкімшілік соттарында 7 мыңнан астам іс қозғалды. Оның ішінде жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдану бойынша 2 338 талап арыз түскен,

— дейді Ләззат Сүлеймен.

Оның айтуынша, азаматтардың шағымдары негізінен жеке сот орындаушыларының қолданыстағы заңнама нормаларына, борышкердің мүлкіне тыйым салу кезінде атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтарын бұзуына, сондай-ақ жеке сот орындаушылары қызметінде транспаренттіліктің болмауына және осы саладағы тиісті мемлекеттік бақылауға байланысты екен.

Осыған байланысты борышкерлердің мүдделерін қорғау үшін сенаторлар заңнаманы жетілдіру жөнінде шара қабылдауды ұсынды.

«Азаматтардың жалғыз тұрғын үйін өндіріп алуға тыйым салу қажет. Нормативтік құқықтық актіге (НҚА) банктердің қарыз алушылардың кепілге салынған мүлкін сату жөніндегі сауда-саттыққа қатысуын болдырмайтын норманы енгізу керек. Жеке сот орындаушыларының қызметін мемлекеттік бақылау, олардың лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындамағаны, кәсіби деңгейін арттырғаны үшін жауапкершілігін күшейту маңызды», — деді депутат.