Ши Путинді құр қол қайтарды…

68

Трамптың ізін баса, Ресейбасы Путин де алып-ұшып Бейжіңге барған. Қытай лидері Ши Ресейбасы Путиннің «Сібір күші — 2» газ құбырын салу туралы өтінішінен тағы да бас тартты!

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песковтың айтуынша: Путин мен Ши 10 жылдан астам уақыт бойы талқылап келе жатқан және Қытайға газ жеткізу көлемін жылына 100 миллиард текше метрге дейін арттыруды көздейтін «Сібір күші — 2» жобасы бойынша әлі де келісімге келмеген.

Ұнжырғасы түскен Песков бұл жайлы: «Кейбір тұстарды әлі де пысықтау керек», — деп қысқа қайырды. песковтің сөздерінен ұққанымыз — тараптар жобаның маңызы, мәні бойынша өзара түсініскен. Дейтұра, оны іске асыру мерзімдері туралы нақты уағдаластыққа қол жеткізе алмаған.

Путин Бейжіңге өзімен бірге ауқымды делегация ертіп барған екен. Оның ішінде: 5 вице-премьер, 8 министр және ең ірі мемлекеттік компаниялардың басшылары, соның ішінде «Газпром» мен «Роснефть» басшылары бар.

Келіссөздер қорытындысы бойынша: Мәскеу мен Бейжің 40 құжатқа қол қойған. Бірақ олардың ешқайсысында «Сібір күші — 2» де, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық та айтылмаған.

Financial Times басылымының жазуынша: Жаңа газ құбыры бойынша басты кедергі — газдың бағасы болып отыр. Қытай бағаны Ресейдің ішкі нарығындағы деңгейде талап етуде. Бұл — шамамен мың текше метрге 50 доллар. Бұл — қазір Бейжіңнің қазір төлеп отырған бағадан (мың текше метрге 258 доллар) 5 есе төмен және «Газпромның» өзге шет елдерге беріп отырған бағадан (420 доллар) 8,5 есе аз.

Былайша айтқанда, Бейжің Мәскеуді теспей сорғысы келген…

Бұл тұста мынаны ескерген жөн: Қытайдың кезіндегі Сібір хандығының Қиыр Шығыстағы иелігін басы бүтін бауырына басудан айырған патшалық Ресеймен жасалған қиянатшыл шарттан қалған тарихи есесі бар.

Бүгін Путин «ұйқыдағы айдаһардың оянғанын» сезбейтін әлемдегі жалғыз саясаткер десек артық айтпаймыз. Өйткені, 400 жыл орыс империясы игере алмаған Сібірді Қытай әлсіз болған шағында уақытша айырылып қалған тарихи аймағы санайды. Ал Путиннің бар қиялы — сол сібірдің бар байлығын Қытайға майлап, жайлап сату.

Ресей үшін ең маңызды – «Сібір күші – 2» құбырының жобасына Ресей Қытайды 10 жылдан бері үгіттеп, қолқалап келеді. Десе де, Бейжің әлі асығар жоқ.

Бейжіңнің асықпайтын себебі – осы өз жері арқылы өтетін газға Ресейді араластырмай, оған тек салық-малығын ғана төлеп, бір өзі иелік ету. Әрі әліптің артын бағып, газ саласындағы Ресей компанияларының әлсіреп, аяғына жығылуына күтіп отыр. Және Қытайға бұл газ Үнді-Қытайға бұлдап сату үшін керек. Ал, Ресей билігінің Қытайдың «алма піс, аузыма түс» деген экономикалық саясатын ұғынбауы таңқалдырады…

Abai.kz