Сайлау: Тоқаевқа кім қарсылас болады?

382

Парламент палаталарының бірескен отырысында Конституциядағы президентті сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілді. Алдағы уақытта мемлекет басшысы жеті жылға бір рет қана сайланатын болады.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеген еді.

«Мен биылғы күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайынмын», — деді президент.

Қазақстандағы кезектен президент сайлауы қараша айында өтеді деп күтілуде.

Бүгінге дейін «Аманат» партиясы мен «Қазақстан халық партиясы» Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын мәлімдеді.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов кезектен тыс президент сайлауында «Аманат» партиясының Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын және өзінің сайлауға түспейтінін айтқан болатын.

«Мен сайлауға қатысатын лайықты кандидатты қолдайдым. Өздеріңіз сезіп отырған шығарсыздар, ашық айтайын, бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Келесі сайлауға баратын болса, сол кісінің кандидатурасын мен қолдаймын. Ал енді Қасым-Жомарт Кемелұлы Amanat партиясынан бара ма немесе басқа ұйымдардан бара ма, оны өзі шешеді…Мен ешбір сайлауға қатыспаймын. Биылғы сайлауға да, бұдан кейінгі сайлауға да. Ресми түрде сіздерге мәлімдеймін: мен қатыспаймын», — деді Қошанов.

Ермұхамет Ертісбаевтың басқаруындағы «Қазақстан халық партиясы» да президент сайлауында қазіргі мемлекет басшысының кандидатурасын қолдайтынын жеткізді.

«Қазақстан халық партиясы мемлекет басшысының бүгінгі жолдауында жарияланған саяси өзгерістерге толық қолдау білдіреді. Кезектен тыс президент сайлауында, біз бұрын мәлімдегендей, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдаймыз», — делінген партияның мәлімдемесінде.

Еліміздің Ата Заңына сәйкес, Қазақстан президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы сайлана алады, сондай-ақ кандидат мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген болуы керек.

Еліміздегі өзге де партиялар президенттікке үміткерлер ұсына ма? Бұл сұраққа «Ақ Жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев партия құрамында президенттікке лайықты азаматтар бар деп жауап берді. Бірақ президент сайлауына үміткер ұсынуды партияның ресми органы шешетінін айтты.

«Ең алдымен, сайлаудың нақты мерзімі анықталған кезде, біз ұлттық кеңесімізді шақырамыз. Мен өзім шақырамын. Ұлттық кеңесіміз құрылтай шақырамыз ба, жоқ па, шақырсақ кімді ұсынамыз деген мәселені қарайды. Құдайға шүкір, партиямыздың арасында жетекші органдарда жүзден астам лайықты азамат бар. Олардың арасында біреу қатысайын десе, болмаса басқа бір ұсыныс болса, біз құрылтайға жобамен шығамыз. Әрі қарай нақты шешімді құрылтай қабылдайды», — деді Перуашев.

Қазақстандағы басқа партиялар әзірге үнсіз. Алматыда саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен белсенділерден құрылған Демократиялық күштер коалициясы жеті жылдық президент мерзіміне қарсы шығып, «кезектен тыс сайлау күн тәртібінен алынып тасталсын, президент сайлауы өз кезегімен 2024 жылы өткізілсін» деп үндеу жолдаған болатын. Бірақ олардың үндеуі ескерусіз қалды.

Ал коалицияның атынан қоғам қайраткері, саясаткер Ермұрат Бапи президенттікке үміткер ретінде ұсынылады деген ақпарат жай ғана ел ішіндегі болжам болып шықты. Оны Ермұрат Бапидің өзі айтты.

«Мені Демократиялық күштер коалициясының атынан үміткер ретінде ұсынады деген мәселе әлі талқыланған да жоқ. Бұл жеке адамдардың ойы ғана. Мұндай саяси науқанның алдында әртүрлі пікірталастар мен мәлімдемелер айтылатыны белгілі жағдай. Сонымен қатар, билікке қызмет ететін боттар іске кірісті. Жалған сөздер күшейе түсті. Мені ешқандай  қоғамдық ұйым немесе платформа кандидат ретінде ұсынған жоқ. Мұның бәрі қауесет. Егер шынымен де Демократиялық күштер коалициясы қоғамдық талқылау нәтижесінде маған «үміткер бол» деп жатса, онда азаматтық парызым мен қоғам алдындағы жауапкершілігімді ескере отырып ұсынысқа ойланып көрермін. Бірақ президенттік сайлау әлі ресми түрде жарияланған жоқ», — деді Ермұрат Бапи.

Сонымен қатар жекелеген адамдар алдағы президент сайлауына қатысуға ниет білдірген.

73 жастағы саясаткер Жасарал Қуанышәлин өзінің Facebook парақшасында күздегі президент сайлауына қатысатыны мәлімдеді.

«Өздеріңіз білесіздер, президенттікке кандидатты ел бойынша кемі 9 бөлімшесі бар республикалық қоғамдық бірлестіктер ғана ұсына алады. Мен осындай ұйымдардың басшылығына менің қандидатурамды ұсыну мәселесін талқылау үшін маған хабарласуды өтінемін», – деді ол.

Жасарал Қуанышәлин 1994-95 жылдары Жоғарғы кеңес депутаты болған. Кейіннен оппозицияға кетіп, түрлі оппозициялық ұйымдардың қатарында билік саясатын сынап жүр. Ол 2022 жылы 18 сәуірде «Алға Қазақстан» атты оппозициялық партияны құруға тырысты. Бірақ  құжаты толық болмай, әділет министрлігі өтінішті қабылдамады.

2019 жылы президент сайлауына қатысқан саясаткер Әміржан Қосанов та мемлекет басшысы кезектен тыс президент сайлауы туралы ұсынысты айтқан күні:

«Мен 2019 жылы бар ресми процедурадан өткенмін. Иә, Әблязов, Қажыгелдин, тағы басқа ескі оппозиция мені қаралады, бірақ ертең басқа билік қарсыласын тіркесе, қолдаймын. Тіркемесе, президенттікке ұсынылып, тіркелуге мен дайын, өйткені тіркелу үшін заң жағынан мінсізбін», – деп жариялаған болатын өзінің әлеуметтік парақшасында.

Айжан Темірхан

Abai.kz