Қазақ спортындағы миллиардтардың есебін кім береді?

999
Біздің елде кәсіпқой спорт клубтары тек мемлекеттік бюджеттен қаржыландырады. Ол мейлі, футбол болсын, хоккей, баскетбол немесе велоспорт болсын, бәрі бюджет қаржысының бүйірін сорып күн көруде. Бұл клубтарды қаржыландыру үшін жылына миллиардтаған ақша қажет.
Экономикасы шағын, халқы қоңыр қалта күн кешетін Қазақстан шетелдік спортшыларға жалақы төлеуде әлемде үздік 20-30 елдің қатарында. Спорт клубтарына жыл сайын қыруар қаржы бөлініп жатқанымен, қаржыға сай нәтиже талап етіп жатқан ешкім жоқ. Бұл клубтар ел алдында, мемлекет алдында есеп те бермейді. Шетелдік спортшыларды қаншаға сатып алғанын, қанша қаржы төлеп жатқанын құпия ұстайды. Халық өз қалтасынан шыққан ақшаның қай құрдымға кетіп жатқанын білмей дал болып жүр.
Ел спортындағы есепсіз шығындар жайлы біз де үнемі жазып жүрміз. Бұған дейін Шымкенттегі стадионды қайта жөндеуге 44 млн еуро (18,5 млрд теңге) жұмсалатынын жазған едік. Ал Қостанайдағы шағын жабық алаң — «Тобыл-Аренаны» салуға 4,5 млрд кетті.
Бұларды айтпағанда, футболдан премьер-лигада бақ сынайтын 12 командаға ел бюджетінен жыл сайын 30-40 миллиард теңге бөлінеді. 2018 жылы дәл осы футболшыларға жалақы төлеуге 80 млн еуро (33,5 млрд теңге) жұмсалған көрінеді. Ал елордалық «Барыс» хоккей клубына 2019 жылы 3,6 млрд теңге жұмсалған. Әрі бұл сандар жыл сайын қайталанып отырады…
2019 жылы елордалық «Астана» футбол клубының жылдық бюджеті 9 миллиард 800 миллион теңге болды. Бұл мәліметті «Астана» командасының бас директоры Михаил Гурман бір сұхбатында айтқан болатын. Әйтпесе, қазынадан миллиардтарды алып отырған қазақстандық командалар нақты бюджетін ашық жарияламайды.
Кеше Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы  Азат Перуашев әкімдерге кәсіпқой спорт және футбол клубтарын бюджет қаражатынан қаржыландыруға тыйым салуды ұсынды.
— Біз заңды түрде әкімдерге кәсіпқой спортты бюджет қаражатынан қаржыландыруға тыйым салу керек деп санаймыз. Жетер енді. Өңірлердегі қаражаттың 80 пайызы футболшыларға жұмсалып жатыр. Қашанға дейін осылай болады? Мен бір мысал келтірейін, таяуда бір спортшының клубы 5 миллион еуроға келісімшартқа отырды. Біз Қазақстанда спортты тамытуға 229 миллион теңге жұмсасақ, мұнда бір футболшының өзіне 2 миллиард теңгедей жұмсалып отыр.
Балалар-жасөспірім футболын қаржыландырайық. Стадиондарды, инфрақұрылымды қаржыландырайық. Бірақ мынадай бір өзіне 5 миллион еуро жұмсалатын футболшыларды емес, — деді депутат.
Біз бүгін депутат Азат Перуашевтың өзіне хабарласып, жоғарда аталған мәлімдемесі жайлы сұраған едік.
Біздің футболшылар мемлекет қалтасына қарап отыр
Картинки по запросу "азат перуашев"
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы:
— Кәсіпқой спорт, соның ішінде кәсіпқой футбол – бұл бизнес! Ал оған мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөліп, асырауымыз – біздің басты кемшілігіміз. Әлемнің кез келген мемлекетін алып қараңызшы, кәсіпқой спорт әуелі көрсетілімдерден (транцляция), жарнамалардан, қала берді демеушілерден қаржыландырылады. Табыс та сол арқылы келеді. Спортшылардың жалақысы да соның ішінде.
Ал бізде ше? Бізде жаңағы футболшылар мемлекетің қалтасына қарап отыр. Ал енді сол бөлініп жатқан миллиондардың 60-80 пайызы футболшылардың жалақысына жұмсалады екен. Бюджеттің ақшасы — ол біріншіден, салық төлеушілердің ақшасы. Біздікілер болса, Роналдоның айлығын сұрайды. Мақұл, ендеше сол Роналдо секілді ойын деңгейін көрсетсін. Нарық бар. Бәсекелістік бар. Өздері соншалық ақшаны ақтайтындарын дәлелдесін.
Бір спортшының жалақысы – 10 спорт алаңының есебінен төленіп отыр
Өткенде БАҚ-та жария болды. Бір футболшының жалақысы 1,5-5 миллион еуроны құрайды екен. Бұл сомаға 10 шағын спорт алаңын салуға болады. Демек, бір футболшының жлақысы – оншақты спорт алаңшасының құнымен пара-пар. Демек, бір футболшының жалақысы – 10 баланың есебінен төленіп отыр деген сөз.
Осы дұрыс па? Дап-дардай жігіттерді мемлекет есебінен асыраудың қаншалық қажеті бар? Егер бюджет есебінен қаржыландыруды шектейтін болсақ, елде бар болса 2-3 клуб қана қалады. Есесіне, үнемделген ақшаға тегін спорт үйірмелерін, спорт кешендерін салуға болады.
Мемлекет бірінші кезекте, балаларға арналған спорт алаңшаларын салуға, спорт үйірмелерін ашуға,  бұқаралық спортты дамытуды қолдауға мүддеді. Шын мәнінде, сондай спортзалдарға мұқтаж қаншама жасөспірімдер бар. Қанша ауылға спорт кешендері керек?.. Міне осыған назар аударған жөн.
Өзбекстан құрлы жоқпыз ба?
Осыдан 6 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз сабағынан бөлек, қосымша спорт үйірмелерін жүргізетін мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімдеріне үстеме ақы төлеу туралы бастама көтерді. Бұл әбден керек бастама еді. Үлкен спортыңыздың өзі сол мектептен басталады. Келешек Олимпиада чемпиондарының өзі алғашқы қадамын мектеп жанындағы үйірмелерден бастайды. Біз осы мәселені Парламентте бірнеше мәрте көтердік. Шатаспасам, төрт рет-ау… Алайда Үкіметтің мұғалімдерге қосымша үстеме ақы төлеуге қаржысы жоқ болып шықты. Ал мектептегі жастарды қолдайтын қаражат таппай отырған сол кезде, жаңағы футбол клубтарына миллиардтаған ақша бөлініп жатты.
Немесе мүмкіндігі шектеулі азаматтарды алып қарайықшы… Ондай азаматтар үшін спортпен айналысу – күш беріп, жігерлендіретіні белгілі. Міне, сол азаматтарға спорт кешендері, арнайы орталықтар керек. Қазіргі таңда, ондай орталықтарды әрі кетсе 2-3 кәсіпкер ашқан шығар… Ал Үкіметтің тағы да ақшасы жоқ. Сондықтан болар, мынау соңғы өткен параолимпиадада біздің спортшыларымыз бар болғаны 2 медаль жеңді. Ал біздің көршілеріміз, өзбектер отыз медаль ұтты. Оның 8-і алтын. Бұл дегеніңіз не? Бұл өзбек билігі өздерінің мүмкіндігі шектеулі спортшыларына лайық жағдай жасай алып, біз жасай алмай отырмыз деген сөз бе?
Спортты қолдаушы кәсіпкерлерді мемлекет ынталандыруы керек
Мақұл, футболды біржола жауып тастай алмайды екенбіз. Енді не істеу керек? Ендеше тек кәсіби клубтарды дамытайық. Демеушілерді, жарнама берушілерді қызықтыратын клубтарды қолдайық. Ал оларды бюджеттің миллиондарымен асырауды мен қолдамаймын.
Егер футбол клубы бәсекеге қабілетті, нарық талабына сай жұмыс жасай алса, миллиондарын таба берсін. Біз өзін-өзі асырап отырған, оған қоса жоғары дәреже көрсеткен спортшылармен мақтанамыз. Олардың жетістігіне қуанамыз, әрине.
Және бір факт. Бюджет асырап отырған клубтармен салыстырып айтсақ, жеке кәсіпкерлер қаржыландырып отырған клубтарда тәртіп те, деңгей де бар. Сондықтан, ондай клубтарды жеке кәсіпкерлер қаржыландыруы керек. Ал ол үшін әуелі кәсіпкерлерді ынталандыру қажет. Мысалы, Қытайда демеушілік етуші компанияны салықтан босатады екен. Бізге неге осы тәжірбиені өзімізге икемдеп енгізбеске?
Норвегияның мысалы
Ал басы-көзі жоқ бөлініп жатқан қаражат – қазақ футболына, футбол түгілі жалпы спортына кесірін тигізбесе, пайдасын әкелмейді. Норвегияны алып қараңызшы…Ол да мұнайлы мемлекет. Оның да қаржылық әлеуеті жеткілікті. Ал футболы аса бір жетістікке жетіп жатқаны шамалы. Бірақ, олар ол үшін қысылып-қымтырынайды. Шетелдің екінші-үшінші деңгейлі футболшыларына мұнайдың долларларын үйіп-төгіп бермейді. Керісінше, бұқаралық спортты дамытуды басты жоспарға шығарып отыр. Ол – шаңғы. Норвегтер шаңғы спортынан әлемде алдыңғы қатарда. Өйткені, ол жақта спорттың бұл түрі жалпыхалықтық масщтапта қолданысқа ие. Бізге де солардан үлгі алу керек.
Қуаныш Қаппас
Abai.kz