Қазақстандық боксшы қыздар Мароккода 10 медаль еншіледі

1741

Марокко елінде өткен «Golden Belt Series Marrakesh» («Алтын белбеу») халықаралық турнирінде еліміздің әйелдер құрамасы медальдар кестесінде бірінші орын алды деп хабарлады turkystan.kz.

Халықаралық турнир 2-10 ақпан аралығында Маррокконың Марракеш қаласында өтті. Онда барлығы 34 елден келген былғары қолғап шеберлері бақ сынады. Қазақстан атынан барлығы 12 боксшы ойын көрсетті.

Нәтижесінде қазақстандық спортшылар барлығы 10 медальға қол жеткізді. Оның ішінде бесеуі – алтын, екеуі – күміс, үшеуі – қола.

«Алтын» алғандар қатарында Алуа Балқыбекова (48 келі), Назым Қызайбай (50 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі) және Валентина Хальзова (75 келі) бар.

Ал Аида Әбікеева (63 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) «күміске» қол созса, «қола» медаль Надежда Рябец (66 келі), Мәдина Нұршаева (70 келі) және Фариза Шолтайға (81 келі) бұйырды.

Ел құрамасынан Жазира Орақбаева (52 келі) мен Владислава Кухта (60 келі) жүлдесіз қалды.

Медальдар кестесінде екі «алтынмен» Ресей құрамасы екінші орын алса, бір-бір мәрте чемпиондық тұғырға көтерілген Италия, Тайвань, Мозамбик және Марокко одан кейінгі орындарды өзара бөлісті.